Сәуір – орман өрттері үшін ең қауіпті айлардың бірі

Сәуір – орман өрттері үшін ең қауіпті айлардың бірі

Сәуір айы – орман өрттері үшін ең қауіпті айлардың бірі. Төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, бұл, ең алдымен, күн шуақты ауа-райының басталуымен байланысты. Айта кетейік, бұл мезгілде кез келген зат тұтанғыш келеді. Сөндірілмеген темекі қалдығынан бастап, найзағай жарқылына дейін аса қауіпті.

Өткен тәулік ішінде ғана республиканың Алматы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында 9 өрт ошағы тіркеліп, қызыл жалын 900 гектар жерді қамтыған. Әсіресе, еліміздің шығыс аймағы тілсіз жаудан ең көп зардап шекті. Онда 300 гектардан астам жер өртке оранды. Төтенше жағдайлар комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бесқарағай ауданындағы өртті сөндіруге 190-нан астам құтқарушы мен 45-тен астам техника жұмылдырылған. Сонымен қатар қосымша көмек жіберілген. Ал әлемдегі ең үлкен тікұшақ Ми-26Т орман өрттерін сөндіру үшін  Көкшетауға бет алды.

«Борт бір уақытта 10 тонна су төге алады. Сонымен қатар тікұшақта Көкшетау гарнизонының жеке құрамының 30 адамы бар, олар өртті сөндіруге тікелей қатысады », - деді Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрсұлтан Нұрахметов.

Сонымен бірге құтқарушылар тілсіз жаудың белең алар уақыты әлі де алда екенін айтып ескертуде. Өйткені елімізде жарияланған оқшаулау режимі аяқталғаннан кейін адамдар табиғат аясында демалуды жөн көреді. Өрттің жиі шығу себебі – дәл осы факторы болып табылады.

 

Фото: lastday.club​