Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген қазақстандық әйелдер басынан өткенімен бөлісті

Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген қазақстандық әйелдер басынан өткенімен бөлісті

«Бір күні тепкінің астына алып, екі көзіне зақым келгенше басын батареяға соқты. Бұған шыдай алмаған ол жан тапсырды».

Қазақстандық әйелдер форумда осындай ойларымен бөлісуде. Бәрі анонимді түрде жазады. Карантиндік режим енгізілгелі әлемде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының саны артты. Мысалы, Қытайда зардап шеккендер саны екі есеге өскен, ал Францияда бұл көрсеткіш - 30% ұлғайды. Италия мен Испанияда да жағдай ушығып тұр. Бұған карантин мен қаржылық мәселелер септігін тигізуде.

Қазақстандық әйелдердің де күйеулері оларға күш көрсетеді. Тіпті, балаларын да аямайды. Осы күндері Талдықорғанда өгей әке баласын өлермендей сабағаны туралы айтылды. Бала бірнеше күн бойы комада жатқан. Қазір есін жиып, сауығып келеді. Полицейлердің айтуынша, отағасы қылмыс жасағанда мас болған.

Айта кетейік, карантин кезінде елімізде алкогольдік ішімдіктер сату көлемі ұлғайған. Нұр-Сұлтанның өзінде бұл көрсеткіш 70% артқан. Есесіне, бұрын тұрғындар қымбат ішімдіктер алса, қазір қалтасы көтергенін сатып алады. Елорда тұрғындарының бірі оқшаулау кезінде отбасыда қандай жағдай орнағаны туралы әңгімеледі.Оның айтуынша, күйеуі ішімдікке салынып, оған қысым көрсете бастаған.

«Түнде келіп, сен кімсің деп мені тұрғызып алып, ұра бастады. Бұрын ішпейтін, қазір салынып алды, темекі шегеді. Үш күннен бері достарымен видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, ішімдік ішіп отыр» - деп жазады ол.

Билік өкілдері карантин кезінде оқшаулануға, үйде болуға шақырады, бірақ кейде өз шаңырағыңда өзіңді қауіпсіздікте сезіне алмайсың. Мамандар зорлық-зомбылық құрбандарына бұл жағдайды жасырмауға, арнайы орталықтардан, полицейлерден көмек сұрауға кеңес береді. Қазақстандық тәртіп сақшылары арнайы код ойлап тапты. Егер қиын жағдайға тап болсаңыз, «102» номеріне хабарласып, «Маскалар мен антисептиктер түсті ме?» деп айтуыңыз керек. Полицейлер көмек қажет екендігін бірден түсініп, мекен-жайыңызды сұрайды. 

Айта кетейік, бүгінде зорлық-зомбылық құрбандарына жан-жақты көмек көрсетіледі. Бірақ әйелдердің көбі жағдай түзелер деп үміттенгендіктен немесе қорыққандықтан полицияға хабарласпайды. Мысалы, Камилла 4 жыл бойы озбырмен тұрғанын айтты. Ол жүкті кезінде соққыға жығылғаннан кейін ғана ажырасқан. 

«Жүктілік кезінде үнемі күш көрсетіп жүрді. Жүктілігімнің сегізінші айында бұдан ары шыдай алмайтын болған соң кетіп қалдым. Ол анамның дүкеніне келіп, мені соққыға жықты. Айғайлағаныммен мені ешкім естімеді. Амалын тауып далаға жүгіріп шықтым, ол аузымды алақанымен жауып, ішке қайта алып кірді, сонда да ұруын тоқтатпады. Сонда дүкенге келіп қалған әжей мен бір-екі әйел жанымды сақтап қалды» - дейді ол.

Камилла өмірін өзгерткеніне қуанышты. Бірақ еркек атаулыдан қорқу сезімі қалды. ОСындай жағдайға тап болған әйелдерге ол бірінші кезекте ажырасуға кеңес береді. Өзі үшін, бала үшін. Бір рет қол көтерген адам, онысын тоқтатпайды, дейді 22 жасар Камилла.

 

Фото: ont.by