Сұраныс бар. Карантин кезінде дәурені жүрген мамандар

Сұраныс бар. Карантин кезінде дәурені жүрген мамандар

Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғаннан кейін еңбек нарығындағы жағдай күрделене бастады. Пандемияға дейін сұраныста болған маман иелері, бүгінде кәсібін ауыстыруға мәжбүр немесе карантиннің аяқталуын күтуде.

«Қазір кеңседе отыруды қажет етпейтін мамандардың жұмысы жүріп жатыр», - деп жазады қызметкерлерді жалдау жөніндегі танымал hh.kz агенттігі.

Агенттіктің мәліметінше, жұмыс берушілер тарапынан ақпараттық коммуникациялар, көлік және логистика, медицина және персонал салаларында сұраныс артқан. Сондай-ақ сату менеджерлері, интернет-консультанттар, call-орталық операторлары, сайттың контент-редакторлары, SMM-мамандар, веб-әзірлеушілер, жылжымайтын мүлік бойынша агенттер мен курьерлер қажет.

Карантин кезінде жоғарыда аталған кәсіп иелерінің еңбекақысы төмендемеген, дейді агенттіктегілер. Жалпы, еңбекақы мөлшері 100 мың теңгеден басталады.

Қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар бос жұмыс орындары Нұр-Сұлтан мен Алматыда тіркелген.

Цифрландыру кезеңінде жұмыс берушілер қосымша машықтарға ие, жаңа технологияларды еркін меңгеретін жан-жақты тұлғаларды іздейді. Осындай алғыр қызметкерлерге сұраныс жоғары. Оны карантин де дәлелдеп отыр. Мысалы, елімізде білім беру толықтай онлайн режимге ауыстырылды. Педагогтар қашықтан жұмыс істеу форматын меңгерді, фитнес-жаттықтырушылар клиенттері үшін видеокурстар жаза бастады және т.с.с.. Сарапшылардың пікірінше, оқу және үйрену принципін өмір бойы ұстану қажет. Әрқашан да еңбек нарығындағы өзгерістерге дайын болыңыздар.

 

Фото: 34.ua​