Қазақстандықтар карантин кезінде Оразаны қалай тұтады?

Қазақстандықтар карантин кезінде Оразаны қалай тұтады?

Ертең күллі мұсылман халқы асыға күткен Рамазан айы басталады. Жылына бір келетін қасиетті айға қазақстандықтар да дайындық үстінде. Дегенмен, COVID-19 вирусының таралуына байланысты елде төтенше жағдай жарияланды. Осылайша, биыл осы мейрамды өткізудің, Оразаға байланысты мұсылманға міндет саналатын бірқатар әрекеттерді орындауға қатысты біршама шектеулер енгізілді. Мысалы, аурудың таралуының алдын алу мақсатында жамағат тарауық намазын мешітте емес, өз үйлерінде оқитын болды. Сондай-ақ, оқшаулау режимі кезінде көпшілікті жинап, ауызашар беруге де тыйым салынды. Әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашарға дастарқан жаюлары керек, деп мәлім етті біздің тілшімізге елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов.

«Қазіргі елімзе болып жатқан төтенше жағдайға байланысты мешіттердің есіктері жабық болғанымен, жақсылықтың, сауаптың есіктері жабылған жоқ. Сондықтан биылғы ауышшарлардан өткен жылғы ауызашарлардан ерекшелігі мешіттерде көпшілік орындарда ауызашардың болмауында. Бірақ кейбір асханаларда, дәмханаларда тағам жеткізуге мүмкіндігі болса, солар арқылы ауызашар беруге болады. Осы орайда жақындарыңызға ауызашар бергіңіз келсе, асханаға тапсырыс беріп, кез келген пәтерге тағамды жеткізудің мүмкіндігі бар»,- дейді «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов.

Сонымен қатар, сауап істегісі келетін тұрғындар көпбалалы әрі мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен немесе азық-түлікке қаржылай көмек бере алады. Бас имамның айтуынша, үйде карантинде отырған адамға ауыз бекітіп, ораза тұту жеңіл болуы мүмкін.

«Қазір қоғамда коронавирус індеті кезінде ораза ұстаса, иммунитет әлсірейді деген пікірлер айтылуда. Карантин уақытында ораза ұстамау керек, шариғат рұқсат береді деген теріс пікірлер бар. Рамазан айындағы ораза – парыз ораза. Ораза кімге парыз? Ораза имандыға, ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен адамға парыз. Сенімді дәрігер, жалпы ислам қағидаларынан білімі бар, талаптарды түсінетін маман белгілі бір адамға «күні бойы ораза ұстаған уақытта денсаулығыңызға қауіп төніп тұр» деп айтса, күмән туындап тұрса, ораза ұстамауға болады»,- дейді «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: inform.kz