Карантиндегі өмір салты: не дұрыс, не бұрыс

Карантиндегі өмір салты: не дұрыс, не бұрыс

Карантинде төрт қабырғаға қамалып отырған тұрғындар үшін қазір аса күрделі кезең. Жылдар бойы жалғасқан өмір сүру салты, жұмыс кестесі бұзылып, азаматтар үйдегі жағдайда интернет арқылы еңбек етуге бейімделуге мәжбүр. Көбі үшін дәмді пісірілген тағамдар жалғыз қуанышқа айналды десе де болады. Алайда мұның теріс жағы да бар: дәмді астан артық салмақтың қосылғаны байқалмай қалатыны анық. Сол себепті әр күніңізді дұрыс жоспарлап, тамақтану уақытын белгілеп алған дұрыс. Бұл туралы біз психология және диетология сарапшыларынан сұрап білдік.

Психолог-консультант Әсел Бимағамбетованың айтуынша, қазіргі уақытта ең бастысы – әрбір күнге нақты кестені белгілеп алу және де оны карантинге дейінгі күн тәртібіне барынша ұқсатуға тырысу керек. Сонда ғана оқшаулау аяқталғанда әдеттегі өмір салтына қайта оралу қиынға соқпайды.

«Таңғы ас, түскі ас, кешкі ас – барлығы белгілі бір уақытта болуы тиіс. Эмоционалдық денсаулығыңыз үшін белсенділік таныту маңызды. Танымдық фильм көріп, жаңа тағамдар әзірлеуді үйренуге болады, кітап оқыңыз. Әр шаруаға уақыт бөліп отырған жөн», - дейді маман.

Осыған орай психологтар әр адам өз-өзіне де уақыт бөлуі тиіс дейді. Күніне жарты сағат болсын жеке қалып, ойдағыңызды бір ретке келтіріп алған дұрыс. Әрине, тәтті жеп, шай ішіп отырған да дұрыс емес, - дейді диетолог Эльвира Наурузова. Маман карантинде бірінші кезекте, көмірсутек қабылдауды азайту керек деген пікірде. Оқшаулау аяқталған соң сымбатты әрі сау болуды қалайтындар тәтті-дәмдіні ұмытуға тиіс.

«Тәтті өнімдер сатып алуды тоқтату керек, себебі жақсы сапалы физикалық жүктеме болмаса, көмірсутектің барлығы ағзада қалады, ал салмағыңыз артады. Мұнымен қоса, желінетін тамақтың мөлшерін азайту керек, яғни карантинге дейінгіден де кеміту қажет», - деп ескертеді диетолог.

Қазақстанда карантиннің енгізілгеніне екі ай болды. Осыған орай диетолог маманның көмегіне жүгінген адамдар көп. Мұндай кезде салмақ қоспау мүмкін еместей көрінеді. Алайда, олай емес. Тамақтану мамандарының пікірінше, барлығы адамның ниеті мен еркіне байланысты.

«Су ішуді ұмытпаңыздар. Өзім байқағандай, карантин кезінде адамдар судан өзгенің бәрін ішеді. «Суды қайтем? Үйдемін ғой, одан да шай ішейін» деп ойлайды. Ал адамдар шай ішпесе, онда тәттілерді де жегісі келмейді. Себебі сумен тоқаш жеу қызық емес. Бұл өзіндік лайфхак деуге болады. Шай мен кофе емес, су ішсе, жеткілікті» - дейді маман.

Сарапшылар күн тәртібіне спорт жаттығуларын да енгізуді ұсынады. Ол үшін бұрынғыдай залға немесе стадионға бару қажет емес. Денені сергіту үшін қарапайым жаттығулар жасаған да жетіп жатыр. Сондай-ақ, гимнастикамен және йогамен айналысқан жөн, дейді мамандар. YouTube-та ондай бейнедәрістер жетіп артылады.

Авторы: Бақытгүл Шеркенова

 

Фото: m24.ru