Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяда марапатқа ұсынылды

Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяда марапатқа ұсынылды

Отандасымыз көп пәтерлі үйде шыққан өрт кезінде ерлік танытқан. Оқиға өткен айда болыпты. Жалынға оранған пәтердің есігін аша алмаған Әли газ құбыры мен телекабельмен өрмелеп шығып, ішіне кірген. Өкінішке қарай, пәтер иесі - әйел кейін ауруханада көз жұмды. Алайда Әли өзге көршілерін оятып үлгерген. Соның арқасында олар дер кезінде сыртқа шығып, аман қалған.

«Ішке кіріп, есікті ашып шыққан сол. Ары қарай өрт сөндірушілер келді. Жедел жәрдем, барлығы келді. Кәріс әйел ауруханаға дейін апарды, көмектесті», дейді Әли.

Жерлесіміз ерлігі жайлы да, өрт кезінде денесін күйік шалғаны туралы да туыстарына тіс жармапты. Медициналық көмектен де бас тартқан. Алайда көршілері бой бермей, оны ауруханаға жеткізіп, емге кететін шығынды өздері төлеген. Түркістандық Әли 2017 жылы Ян Ян шипайжайлы қалашыққа жұмысқа келген екен. Жақында елге оралады. Дегенмен жергілікті тұрғындардың бір тобы президенттің атына хат жолдап, жерлесімізді марапатқа ұсыну туралы өтініш білдіріпті.

«Әли мамырда отанына оралуы керек. Алайда мен Президенттің атына хат жаздым. Әділет министрлігіне де оның ерлігі жайлы жазылған мақалалар ұсындық. Соның арқасында оның елімізде жүріп-тұру уақыты ұзартылды. Алайда қандай мерзімге ұзартылғаны әзірге белгісіз. Меніңше, Әлиге тек виза ғана  емес, Оңтүстік Кореяда тұруға ықтиярхат та берілуі керек», дейді Ян Ян уезінің тұрғыны Чан Сон Ок.

Әлимен Оңтүстік Кореяға бірге келген жұбайы жүктілікке байланысты Қазақстанға оралған. Енді Түркістанда отандасымызды келіншегі, алты жасар ұлы мен бір жасар қызы күтуде.