Карантин кезінде балалардың көңілін аулауға қатысты мамандар кеңесі

Карантин кезінде балалардың көңілін аулауға қатысты мамандар кеңесі

Баланың көңілі далада. Шуақты көктем мезгілінде ойын баласын үйде ұстау мүмкін емес. Ал карантин кезінде тіптен қиын екенін ата-аналар іс жүзінде таныды. Балабақшалар мен мектептер, сауықтыру және шығармашылық орталықтар төтенше жағдайға байланысты жабық. Ата-аналар аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат баланың көңілін аулауға тырысады. Оқшауланған тәртіпте жеткіншектермен уақытты қалай тиімді өткізуге болатыны жөнінде   мамандар кәсіби кеңестерімен бөлісті. 

Наталья Обердерфердің айтуынша, төрт қабырғаға қамалуға мәжбүр болған адамдар жеке кеңістіктің жетпеуін сезінді. Әр отбасы мүшесінің жеке шаруасымен айналысуға арналған ыңғайлы орны болуы тиіс. Сондай-ақ, баланың күндік жоспары құрылуы керек. Ол баламен ақылдасып жасалуы тиіс. Өйткені, жасөспірімдер бірінші кезекте, көңілі қалаған іспен шұғылдануы керек.

«Карантин жаңа іс бастау үшін тамаша мүмкіндік тудырып отыр. Мәселен, бала әлеуметтік желіде өз парақшасын не арнасын жүргізуді қалауы мүмкін. Оның қыр-сырын меңгеру үшін жақсылап іздену керек. Кейін жеке ісін бастауға қатысты ойларын тыңдап, кеңес беруге болады», - дейді  Наталья Обердерфер

Алайда ата-аналардың көбі баласының гаджет сынды заманауи технологияларға тәуелді болып қалады деп уайымдайды. Алаңдаудың еш себебі жоқ, дейді маман. Бастысы, оның таңдаған тақырыптары мен контентіне көңіл бөліп, бақылап отырған абзал.

«Желіде балалар бірге бұйымдар жасап, ән айтып немесе ортақ шығармашылық іспен айналысатын пайдалы эфирлер көп. Олардың тізімі мен өтетін уақытын білу қиын емес. Ертегі тыңдауға болады. Ал ата-аналар бұл кезде өз істерін еш алаңдамай атқаруға кірісе алады. Кешкі ас кезінде жасаған істерін бірге отырып талқылау керек», - Наталья.

Психолог Әсел Баймағамбетова карантин баланы жауапкершілікке үйретудің таптырмас кезі екеніне сенімді. Жаңа іске ынталандырып, жетістігін сәйкесінше бағалап отыру керек дегенді алға тартады. 

«Бос уақытта фильм, танымдық бағдарламаларды бірге көруге болады. Ортақ іс тауып, шығармашылықпен айлалысқан дұрыс. Ең бастысы, не істесеңіз де, бірге атқару керек. Сонда ол ұжымдық іс пен жауапкершіліктің не екенін іс жүзінде ұғатын болады», – дейді маман.

Балалар психологы Валентина Муханова-Бирюкова да ой-өрісті өрбітетін ойындарға көңіл бөлген дұрыс дейді. Бұған қоса, қол маторикасын дамытатын ойыншықтар көп. Тек сапаға мән беру керек дегенді айтады.

«Ойлау қабілетімен қатар, қимыл жүйесін дамытатын ойындар көп. Музыкалық аспаптарда көбірек ойнаған дұрыс. Саз  балшық илеп, сурет салуға үйрету керек. Жан жақты болғаны дұрыс. Дене жаттығуларын жасап, үй шаруасын атқаруға баулыған баланың денсаулығы жақсы болып, уақытыда тиімді өтеді», - дейді маман

Бұның бәрі – ата-аналарғада пайдалы істер, дейді мамандар. Баласымен тіл табысып, көңілін аулау біріншіден, карантин кезінде уақытты тиімді әрі көңілді өткізуге мүмкіндік береді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: biletik.aero​