Пандемиядан кейінгі тұрақты даму перспективалары халықаралық онлайн-форумда талқыланды

Пандемиядан кейінгі тұрақты даму перспективалары халықаралық онлайн-форумда талқыланды

Коронавирустың жаңа штаммымен күресте оның өзін пайдалануға болады. Қазақстандық Мұхит Құлмағанбетов SARS-CoV-2 сыртқы мембранасын ем әрі вакцина ретінде қолдану мүмкіншілігі туралы айтады. Кардифф университетінің студент-докторанты бұл жобасын онлайн-форматта өткен Тұрақты даму және инновациялар бойынша ІІІ Ортаазиялық ғылыми форумында таныстырды.

Шараның басты мақсаты – аймақтың тұрақты дамуы үшін ілкімді ғылыми жобаларды таныстыру және талқылау мақсатында Орталық Азияның дарынды зерттеушілеріне платформа ұсыну. ҚР Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов COVID-19 пандемиясы сенімнің жетіспеушілігі, іс-әрекеттер үйлесімінің жоқтығы, жаппай жалған ақпарат тарату сынды проблемаларды ашып көрсеткенін атап өтті. Оның пайымдауынша, аталған себептерге байланысты форум мен оған ұқсас алаңдар пандемиядан кейінгі өмір туралы сұрақтарға жауап іздеуде ерекше мәнге ие.

Бірнеше күн қатарынан форум қатысушылары қазіргі ғылым мен индустрия үшін ең өзекті тақырыптарды онлайн режимде талқылады. Назарбаев университеті, Лондонның университеттік колледжі, Лафборо, Кардифф, Манчестер университеттері, Еуропа мен Қазақстанның өзге де жетекші оқу орындарының студент-докторанттары мен ғалымдары робот техникасы, жасанды интеллект, білім, денсаулық, энергетика және т.б салалардағы жобалары мен озық ойларын ортаға салды. 

Форум биыл наурыз айында Лондонда өтуі тиіс еді. Онлайн форматтағы жиын Ұлыбританиядағы қазақстандық PhD қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің және Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен өтті, деп хабарлайды еліміздің Сыртқы істер министрлігі.

 

​Фото: infozakon.kz