Қазақстанда пойыз жолаушыларын биометрикалық сәйкестендіру енгізіледі

Қазақстанда пойыз жолаушыларын биометрикалық сәйкестендіру енгізіледі

Қазақстанда пойызға отырғызу барысында жолаушыларды биометрикалық сәйкестендіру жүйесі іске қосылмақ. Бұл туралы «Адал жол» жобалық кеңсесінің басшысы Исламбек Майшекин мәлімдеді. Жаңа технология билетсіз жолаушылар мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

«Азамат билетті сатып алған кезде Digital ID қосымшасы арқылы өзінің тұлғасын сәйкестендіреді және цифрлық ID карта жасалады. Аталған картаны билет сатып алу кезінде қолданады. Сондай-ақ, жолаушыларды пойызға отырғызу барысын жолсеріктер емес, автоматты түрде жүйенің өзі тексеріп отырады.», - деді жобалық кеңсе басшысы.

Қазіргі кезде жобаны жүзеге асырудың үш нұсқасы қарастырылуда. Біріншіден, жолаушылардың тұлғасын сәйкестендіру қосымшасы жүктелген смартфонның көмегі арқылы тексеру; екіншіден, жолаушылардың тұлғасын сәйкестендіретін камералар вокзалға, яғни, перронға шығатын жерде немесе камералар вагондарда орнатылады.

Жоба жетекшісінің айтуынша, бұл жүйе пойыздарда қауіпсіздікті күшейтуге септігін тигізеді.

«Камералар арқылы еш қиындықсыз азаматтың тұлғасын анықтауға болады. Сонымен қатар, ішкі істер органдарымен бірлесе жұмыс істеудің арқасында іздеуге салынған тәртіп бұзушыларды, борышкерлерді немесе шекарадан өтуге тыйым салынғандарды табуға болады», - дейді Исламбек Майшекин. 

Айта кетейік, коронавирустың таралуына байланысты наурызда жүзеге асуы тиісті жоба кейінге шегеріліп отыр. Қазіргі уақытта «Қазақстан темір жолы» компаниясы «Алматы-Атырау» бағытындағы жеке пойызды бөліп бергендіктен, жоба осы бағытта 2-3 ай бойы сыналады. Содан соң жобаны қолданысқа енгізу туралы шешім қабылданады.

 

​Фото: yandex.kz