Жалпыұлттық санақ мемлекеттік тілдің қолдану аясын нақтылайды

Жалпыұлттық санақ мемлекеттік тілдің қолдану аясын нақтылайды

Биыл жалпыұлттық санақтың негізгі кезеңі бастау алады. Бұл ретте адамдар шама­мен 80 түрлі сұраққа жауап бер­мек. 2021-2022 жылдары түпкілікті қорытынды шығарылып, жария етіледі. Әзір­ге пандемия бұл жоспарды өзгерт­педі.

НҰРБОЛАТ АЙДАПКЕЛОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ СТАТИСТИКА КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Халық санағы биылғы қа­зан айының 1-нен 30-на дейін­гі аралықта өтеді. Оның барысында еліміздегі және шет мемлекеттердегі Қазақстан аза­мат­тары ғана емес, сонымен қа­тар республикадағы шетел аза­маттары, азаматтығы жоқ адам­дар және елімізде 1 жылдан ар­тық уақыт бойы тұрақты тұра­тын адамдар арасында сұрау са­­­лынады. Бұл жолғы санақтың ең басты жаңалығы – халыққа он­лайн-сауалнама жүргізу. Яғни, әрқайсымыз өз бетімізше sanaq.gov.kz сайтына кіріп, санақ па­рағын өзіміз толтыра аламыз. Қа­зіргі кезде онда тіркелу мен са­нақтан өту тестілік режимде жүруде. Биылғы 1 қазанда барлық тестілік жазбалар өшіріледі де, қазақстандықтарға қайтадан, енді шындап санақтан өтуге мүм­кіндік беріледі.

Жалпыұлттық санақ қазақ тілінің де ахуалын анықтайды. Бұл үшін статистика комитеті санақ парағына «Сіз мемлекеттік тілді білесіз бе?» деген сауал қосқан. «Иә» деп жауап бергендерге «күнделікті өмірде қолданасыз ба?» деген нақтылау сауалы және бар. Филология ғылымдарының кандидаты Лаура Дәуренбекова Қазақстан халқының мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін нақты анықтау үшін сауалнамада берілетін сұрақтарды күрделендірмеу керек деп санайды.

Сондай-ақ тіл маманы жалпы сауалнаманың нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгертуге байланысты жаңа бағдарламалар жасауға, қай жағын дамыту қажеттілігін ойластыруға болатынын айтады

ЛАУРА ДӘУРЕНБЕКОВА, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

«Мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолданасыз ба?» деген сұраққа жауап беруші ойланып қалады. Отбасында қазақ тілін, жұмыс барысында орыс  тілін қолданатындар бар. Мектеп оқушыларының арасында да мектепте, аулада орыс тілінде, үйде қазақ тілінде сөйлесетіндер бар. Мектеп оқушылары сауалнамаға қатысатын болғандықтан сұрақ жасау барысында  оны да ескеріп отыру керек. «Жұмыс барысында немесе достарыңызбен қай тілде сөйлесесіз?», «жанұяңызда қай тілді қолданасыз?», «қай тілде сауда жүргізесіз?», «банкоматтан қаражатыңызды алу үшін, қай тілді таңдайсыз?» т.б. сауалнамадағы сұрақтар адамды жетелеп отыратындай болу керек. Сонда ғана тілді қаншалықты меңгергендігін нақтылауға мүмкіндік бар.

Егер азамат тіл білмесе, санақшы оның тілді үйренуге қатысты жоспарын білуі тиіс. Санақ аясында көп тілде сөй­лей алатын полиглоттар да айқын­далмақ. Бұл сұрақтар әр отбасыдағы 5 жас­тағы және одан ересек бар­лық адамдарға қойылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: ru.sputniknews.kz