«Хабар» Агенттігінің белді журналистері студенттерге онлайн дәріс оқыды

«Хабар» Агенттігінің белді журналистері студенттерге онлайн дәріс оқыды

Заманауи медиадағы тенденциялар мен жаһанды жалмаған коронавирус ахуалын жан-жақты әрі дұрыс жеткізе білудің қыр-сыры қандай? «Хабар» Агенттігі кәсіби мамандарының студенттерге онлайн дәрісі қазіргі таңдағы ең өткір тақырыпқа арналды. Арна журналистерінің дәстүрлі дәрісі бұл жолы онлайн форматта өтті. Тыңдаушыларға әлеуметтік желі мен кәсіби журналистика жарысып жатқан заманда тілшінің бесаспап болуы маңызды екені айтылды. Студенттер бұл үдеден шығатындай. Олар тілшілердің тәжірибесіне қатысты түрлі сұрақтар қойды. Тіпті кейбірін Президент пулында жұмыс істеу қызықтырады екен.

АРМАН БАЛТАБАЙҰЛЫ, «ЕЛ АРНА» АРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Президенттік пулда жұмыс істеу деген өте қызық дүние. Ең бастысы, менің ойымша, ақпарат өте көп болады. Соның бәрін дер кезінде жинақтап, ең маңыздысын анықтап, бәрін орын-орнына қойып, соны эфирге дер кезінде жеткізу.

Он күнге жалғасатын онлайн кездесуде «Хабардың» тізгіншілері студенттерге танымды дәріс береді.

ҚАЙРАТ САҚ, ЕҰУ ЖУРНАЛИСТИКА ЖӘНЕ САЯСАТТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ, ПРОФЕССОР:

- Ол декадаға біздің білім алушыларымыз жан-жақты республиканың түкпір-түкпірінде оқып жатқан студенттеріміз қатысады. «Хабар» агенттігінің майталман журналистері өздерінің шеберліктерімен бөліседі. Бұл студенттеріміздің теориялық білімдерін практика жүзінде шыңдауға мүмкіндік береді.

Zoom платформасы арқылы өткізілген шеберлік дәрісіне 700 студент қатысады. Басты ой – қашықтан оқып жатқан студенттердің уақытын тиімді өткізіп қоймай, маман ретінде қалыптасуына жағдай жасау. Оқу орнында «Хабарға» арналған аудитория да бар.

РИНАТ КЕРТАЕВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бұл бірінші кезекте біздің болашақ қызметкерлеріміз, бүгінгі студенттер – болашақ әріптестеріміз алдындағы компанияның корпоративті әлеуметтік жауапкершілігін білдіреді. Бұл біздің карантин жағдайында тек өзіміздің жұмысымызбен айналысып қоймай, ұрпақтар сабақтастығын қолдайтынымызды, өзіміздің білетін дүниемізді болашақ журналистерге, жас мамандарға сіңіру жауапкершілігін көрсетеді деген ойдамыз.

Айта кету керек, онлайн дәріс «Хабар» агенттігінің 25 жылдығы мен журналистика және саясаттану факультетінің 10 жылдығы аясында өтіп жатыр.

 

Фото: khabar.kz