Жемқорлардың жазасын өтеу мерзімі ұзаруы мүмкін

Жемқорлардың жазасын өтеу мерзімі ұзаруы мүмкін

Қазақстанда  жемқорлардың жазасын өтеу мерзімі ұзаруы мүмкін. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

«Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агенттік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қағидаттық сипатта жаңа бастамаларды көтергелі отыр. Сондай бастамалардың бірі – жемқорлық жасаған адамның жауапкершілігін күшейту мәселесі. Біз жемқорлықтың ауыр және аса ауыр түрімен сотталған адамның жазасын өтеу мерзімін ұзартуды ұсынамыз», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік-құқықтық департаментінің директоры Айгүл Базарбаева онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Департамент директоры жемқорлардың сотталуына байланысты БАҚ-тағы мақалалар мен жарияланымдарға ылғи мониторинг жүргізілетінін айтып өтті.

«Жемқорлық қылмысымен сотталған адамның белгілі бір уақыттан кейін шартты түрде бостандыққа шығуы – қоғамның ызасын туғызатынын көрсетіп отыр. Халықтың пікірінше, бюджеттен миллиондап ақша жымқырған немесе өз лауазымын асыра пайдаланған адамға жазасын жеңілдету мүмкіндігі берілмеуі керек. Ол толығымен жаза мерзімін өтеуі тиіс», - деді ол.

 

Фото: ktk.kz