БҰҰ: карантинде ерлер әйелдерге үй шаруасына көмектесуі қажет

БҰҰ: карантинде ерлер әйелдерге үй шаруасына көмектесуі қажет

Әйел – үйдің қазығы. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, оқшаулану кезінде көптеген әйелдер қашықтан немесе ауруханада, дүкенде жұмыс істеп, үй шаруасын, кір жуу, тамақ әзірлеу, балалар мен қарт ата-ана күтімін қатар алып жүруге мәжбүр. Осыған байланысты халықаралық «HeForShe At Home» ұйымы - «Ерлер үйдегі әйелдердің құқығы үшін» науқанын бастап, балаларды, жас жігіттерді және ерлерді үй шаруасын бірлесіп атқаруға шақырды.

Қазақстандық ерлер де карантин кезінде әйелдердің иығына артылған жұмыстардың бір бөлігін атқаруға дайын. Мысалы, танымал блогер Айнұр Бұлақбай да өмірлік жарынан қолдау тауып отырғанын айтады.

АЙНҰР БҰЛАҚБАЙ, БЛОГЕР:

 - Мен бес баламен қазір үйде отырмын. Күйеуім де үйден жұмыс істейді, онлайн мектепте сабақ береді. Қолы бос кезде маған көмектеседі. Екеуіміз екі жақтап істеуге тырысамыз. Үй шаруасына көмектеседі. Дүкенге өзі барады, бізді сыртқа шығармайды. Сырттың жұмыстарын өзі бітіріп келеді. Кішкентайым 7 айлық, соны бірге бағып, мен балаларды оқытып жатқанда бағады. Кішкентай екі жасар қызымды ұйықтатады. Үйдің берекесін алатындай жағдай жоқ. Карантин бізге көп нәрсені үйретті десем артық айтқаным емес. Барлық отбасына осындай бірлік, береке, ынтымақ, шыдамдылық, сабырлық тілеймін.

Қазақстандық ерлер карантин кезінде нәзік жандыларға тірек болудан қашпайтындарын айтады. Олар алжапқыш тағып, асүйде тамақ әзірлемесек те балалардың күтімі мен сабағына қолғабыс тигізу өзімізге де жақсы дейді.  

ЖӘНІБЕК АСҚАР, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Жолдасым – ұстаз, таңертеңнен кешке дейін онлайн-сабақ деп компьютердің алдында кірпік қақпастан балалардың сабағымен айналысып отырады. Сол себепті үйдегі 1 және 3 жастағы баланы күтіп, әкелік мейірімімізді төгіп отырмыз. Бүкіл ата-аналарға айтарымыз, осы карантин біткенше балалардың күтімімен айналысып, сабырлық сақтауларын тілейміз.

Арнамыздың журналистері қойған сұрақтарға жауап берген қыз-келіншектер де азаматтарынан тек қолдау көріп отырғандарын жеткізді.

ГҮЛЖАЗИРА БЕРІКҚЫЗЫ, ЖУРНАЛИСТ:

 - Карантин жағдайында көп аналар балалардың сабақ оқытумен қолдары тимей жатыр. Әкелер шаңсормаса да, баланың сабақ оқуына көмектессе ол да бір үлкен жеңілдік. Біздің әкеміз үй шаруасына көмектеспесе де, сабақтарын қарауға, бала бағуға көмектеседі.

ВЕНЕРА САЛИКОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

 - Әрине көмектеседі. Кіші ұлдың спорттық жаттығуларды жасауын бақылайды, мен үй шаруасымен айналысқанда қызыма қарайды. Кейде сабақтарын тексереді. Дүкеннен азық-түлік әкеліп бергенінің өзі де бір көмек.

ӘСЕЛ ЖҰРЫМБАЕВА, SMM МАМАНЫ:

 - Карантин жарияланғалы мен үйден жұмыс істеп жатырмын. Жұмыс көп. Сондықтан балалармен сабақ оқиды. Тіпті үлгермей жатсам, ас әзірлеп береді.

 

Фото: knews.by