Дәрігерлерге алғыс айту

Дәрігерлерге алғыс айту

Нұр-Сұлтан қаласында коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлердің бейнесі тұрғын үй кешенінің қасбетінде пайда болады. Елорданың шығармашылық қауымдастығы суретті медициналық қызметкерлерге арнап салды. Аталған көріністі елорданың Сарыарқа-Жангелдин көшелерінің қиылысындағы үйдің іргесінен көруге болады.

«Шығармашылық адамдары онлайн-концерттер өткізіп, еріктілерге көмектесіп жатыр. Адамдар бір-біріне қолдау көрсету мақсатымен бірігуде. Суретшілер атынан осы шығармашылық жоба арқылы коронавируспен күресіп жатқан медицина саласының қызметкерлеріне ризашылығымызды білдіріп, «Біз біргеміз» жалпыұлттық акциясына қосыламыз. Мурал салудағы басты мақсат ‒ дәрігерлерге алғыс білдіру! Сіздерге алғысымыз шексіз. Бұл індетпен күресіп жатқан әр қызметкерді батыр деп санаймыз. Қала әкімдігіне білдірген қолдауы үшін алғыс айтамыз. Үлкен шығармашылық топ жұмыс істеп жатыр. Біз біргеміз! » - деді елорданың қоғамдық шығармашылық қоғамдастығының мүшесі Кристина Бекмурзаева.

Ал қарағандылық қазақ драма театры медицина қызметкерлеріне алғыс ретінде бейнеролик түсірген. Роликте Рақымжан Отарбаевтың пьесасы бойынша қойылған «Фариза мен Мұқағали» спектаклінің үзіндісі көрсетілген. Оны театрдың YouTube-каналынан тамашалауға болады.

«Роликте келтірілген спектакльдің үзінділерін мен өзім таңдадым. Дәл сол дәрігерлер қатысатын сәттерін алдым. Және де спектакльде медбикенің Мұқағалиға айтқан сөзі де бар: «Өтінемін, далаға шықпаңызшы. Сіз әлі соңына дейін сауыққан жоқсыз!» деген. Осы күндері билік пен дәрігерлердің халыққа жасап отырған үндеуі де осындай. Қазір бүкіл әлемде көрінбейтін жаумен соғыс жүріп жатыр, барлығымыз сақ болуымыз керек, - дейді музыкалық цех меңгерушісі Дариға Жүнісова.

Елордалық филармонияның симфониялық оркестрінің артистері де шарадан тыс қалған жоқ. Музыкалық ұжымның кезекті композициясы дәрігерлерге арналған. Музыканттар әлемнің барлық медицина қызметкерлеріне Леонард Коэннің «Hallelujah» әнін арнады.

Симфониялық оркестр әртістері мен әртүрлі елдердің орындаушылары скрипка, виолончель, фортепиано, гобой, флейта, фагот, валторна, контрабас және басқа да музыкалық аспаптарда атақты әуенді ойнады. Музыканттар өз партиясын үйлерінде жазып, бәрін бір роликке жинақтаған.

 

Фото: inbusiness.kz​