Қазақстандық кофеқұмарлар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұрады

Қазақстандық кофеқұмарлар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұрады

Бүгін – халықаралық кофе күні. Шайды ерекше жақсы көретін еліміздің халқы хош иісті кофеге құмартып баратыны байқалады. Қазақстандықтар жылына 2 мың тонна кофе ішетін көрінеді.

Barista Academy мәліметіне сай, отандық кофе нарығы 10 млн долларға жуықтайды. Бойды сергітетін дәмді сусынды тұтыну бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалалары көш бастап тұр. Алайда төтенше жағдай режимі бүгінде өз әсерін тигізіп отырғаны анық.

САЯТ ДАНИЯРОВ, КОФЕ САТУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

- Жалпы төтенше жағдай енгізілгеннен бастап біздің кофе сатудан түсетін табысымыздың көлемі 80%-ға төмендеді. Қоғамдық тамақтану саласындағы клиенттеріміздіңдің басым бөлігі жұмыстарын тоқтатты. Алайда жеке тұлғалар тарапынан сұраныс керісінше бірнеше есе өсті. Қазір тек сол үйде отырған адамдардан кофе және кофе дайындайтын арнайы құралдарға тапсырыстар түсіп жатыр.  Интернет дүкеніміздегі тауар ассортименті мен жұмысын осыған орай реттеудеміз. Атап айтқанда карантин ережелері мен  шектеулерін сақтай отырып кофены үйге дейін тез әрі қауіпсіз жеткізіп беру, онлайн төлем қабылдау, телефон арқылы кеңес-беру, еліміздің басқа аймақтарына тауарларды тиімді жеткізу жұмыстарын жетілдірудеміз.

Кофенің сергітіп, жаңа істерге бастайтын қасиетін бәрі жақсы біледі. Америкалық ғалымдар кофе адам өмірін ұзартатынын дәлелдеген. Зерттеуге түрлі жас пен ұлт өкілдерінен құралған 190 мың ерікті қатысқан. Оған сәйкес, күніне 1 кесе кофе ішу барлық себептермен байланысты өлім тәуекелдерін 12 процентке дейін төмендетеді, ал күніне 3 кесе кофе өмір сүру ұзақтығын 18 процентке жоғарылатады. Мамандар кофені дұрыс мөлшерде тұтынатындар арасында өлім қаупінің, сондай-ақ, жүрек және асқазан ауруларының тіпті аз байқалғанын айтады.

Бүгінде әлемдік нарықта кофе саудасы мүнайдан кейін  екінші орында.  Жылдық айналым 70 миллиард доларды құрайды . Шикізаттың 60% астамы Бразилия, Венесуэла, Вьетнам елдерінде өндіріледі.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: mignews.com