Қорғаныс министрлігі МиГ-31 ұшағының құлауына байланысты мәлімдеме жасады

Қорғаныс министрлігі МиГ-31 ұшағының құлауына байланысты мәлімдеме жасады

Қорғаныс министрлігі МиГ-31 ұшағының құлауына себеп болған барлық жағдайларды қарастыратынын мәлімдеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов мәлім еткендей, қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында апаттың себебіне қатысты сан алуан болжам айтылып жатыр. Алайда арнайы құрылған комиссияның қорытындысы әлі шыққан жоқ. Тергеуге ұшақты құрастырған кәсіпорынның мамандары тартылады.

НҰРЛАН ОРМАНБЕТОВ, ҚР ӘУЕ ҚОРҒАНЫСЫ КҮШТЕРІНІҢ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:

- Комиссия әуе техникадан ақаулық шықты ма, әлде ол істемей қалды ма, осының бәрін жан-жақты зерделеп, тергеудің қорытындысын шығаратын болады. Қазіргі кезде апаттың бірнеше нұсқасы қаралып жатыр. Соның ішінде әуеде ұшақтың істемей қалуы және сыртқы факторлардың әсері бар. Әрине, адам факторы да қаралады.

МиГ-31 ұшағы қолданыс мерзімінің аяқталуына бір жыл қалғанда құлаған. Әуе көлігі 29 жыл бойы қолданыста болған. Ал жалпы бұл жойғыштың жарамдылық мерзімі – 30 жыл. Апат себебі толық анықталмайынша, Қазақстанда МиГ-31 әскери ұшақтары әуеге көтерілмейді.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото:inbusiness.kz