1414 Call-орталығына 7 млн астам қоңырау келіп түскен

1414 Call-орталығына 7 млн астам қоңырау келіп түскен

ТЖ режимі кезінде 1414 Call-орталығының операторлары азаматтардан келіп түскен 7 млн астам қоңырауға жауап берді. Рекордтық көрсеткіш 3 сәуірде тіркелді, бұл күні 815 039 рет қоңырау қабылданған. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сұрақтардың басым бөлігі eGov арқылы «42500» әлеуметтік төлемақы алуға өтінім беруге қатысты болған.

Сонымен, 1414 Call-орталығына азаматтардан ең жиі қойылатын 5 сұрақ:

1. «42500»жәрдемақыны алуға берілген өтінімнің мәртебесін қалай тексеруге болады?

2. Заңды тұлғалар үшін ЭЦҚ-ны онлайн қалай ала алады?

3. Мамандандырылған ХҚКО уақытша жұмыс істемеуікезінде автокөлікті қалай қайта рәсімдеуге болады?

4. Карантин кезінде жүргізуші куәлігін қалай ауыстыруға болады?

5. Бала туғанда және бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақыны алуға  қалай өтініш беруге болады?

1414 нөмірі арқылы бір уақытта мыңдаған адамға кеңес беру үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) 2 мыңнан астам қызметкері тартылды. Байланыс арналарының өткізу қабілеті мен телефония өнімділігі кеңейтілді. Сондай-ақ, ХҚКО-ның мыңға жуық қызметкері бейнебайланыс арқылы азаматтарға кеңес берумен, сондай-ақ Мобильді азаматтар базасында тіркеумен және ЭЦҚ-ны онлайн-ресімдеу үшін азаматтардың жеке басын сәйкестендірумен айналысады.

 

Фото: inform.kz