Карантин кезіндегі халықты қолдау шаралары

Карантин кезіндегі халықты қолдау шаралары

Көп түкірсе – көл. Қазақ қашан да жақынын қиындықта тастамаған халық. Елордада төтенше жағдай жарияланғалы 9 мыңға жуық отбасына азық-түлік жеткізілді. «Біз біргеміз» акциясына ірі компаниялардан бастап, шағын бизнес иелеріне дейін атсалысып жатыр. Көмекке зәру жандарға қол ұшын созғандардың бірі – кәсіпкер Дмитрий Шмидт.

ДМИТРИЙ ШМИДТ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

– Өзім балалар үйінде өстім. Бүгінде мал шаруашылығымен айналысамын. Жартылай дайын өнім шығаратын кәсіпорным бар. Осындай қиын кезеңде қалай қарап отырасың? Карантин мерзімі аяқталғанша, өзімізде дайындалған өнімді тегін тарататын боламын.

Ал Шымкентте «Birgemiz» акциясы аясында карантин жағдайында жатақханада қашықтан білім алып жатқан шетелдік студенттерге көмек көрсетілді. Шәкірттерге азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар мен бетперде, антисептик, бір реттік қолғап таратылды. Барлығы 137 студент оқшауланған. Олар тұратын жатақхана заманауи үлгіде жабдықталған, студенттерге онлайн жүйемен толыққанды білім алуға мүмкіндік жасалған. Әлемде індет жайлағанда үйден шықпай сапалы білім алу мақсатымыз, дейді студент Жанар Кемежан. Қытайдың Құлжа қаласынан келіп Шымкентте білім алып жатқан ол коронавирус дерті тоқтап, ата-анасымен аман-есен қауышатын күнді күтіп жүргенін айтады.

ЖАНАР КЕМЕЖАН, СТУДЕНТ:

- Онлайн сабақ тиімді болып жатыр. 1 сабақ 30 минут болады. Ал жатақхананың кітапханасында 5 мыңға жуық кітап қоры бар. Электронды кітапхана тағы бар. Барлығы студент үшін қолжетімді. 

 

Фото: inform.kz