42 500 әлеуметтік төлемін өз еркімен қайтарғандар жауапқа тартылмайды

42 500 әлеуметтік төлемін өз еркімен қайтарғандар жауапқа тартылмайды

Өтініш беруші қателесіп, 42 500 әлеуметтік төлемін алса, қаржыны қайтаруға міндетті. Ондай азаматтар жауапқа тартылмайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев Фейсбук-тегі парақшасында мәлім етті.

Оның ақпаратына сәйкес, ел бойынша әлеуметтік төлем 3 миллион 300 мың қазақстандыққа тағайындалған. Ал өтініштерді қабылдау шарасының басталғанына небәрі 20 күн болған. Төлем алушылардың арасында тұрақты жалақы алып отырған азаматтар аз емес. Бөлінген қаржыны табысынан айырылғандар ғана алуы тиіс, деді вице-министр.

НАРИМАН МҰҚЫШЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Қазір ТЖ режимі болғандықтан біз құжаттар пакетін сұрап жатқан жоқпыз. Өтінім ең қарапайым жолмен берілгеннен кейін біз оны автоматты түрде қарап, шешім қабылдаймыз. Алайда, «жалған мәлімет» берген адаммен жауапкершілік бірге еріп жүреді.

Вице-министр қазақстандықтарды бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауға шақырды. Егер әлеуметтік төлемді қателесіп алғандар оны қайтаратын болса, олар жауапкершілікке тартылмайды. Қаржыны банктердің онлайн-қосымшалары арқылы қайтаруға болады.

Бұған дейін салалық министрлік «42 500 теңге» әлеуметтік төлемі бойынша барлық тағайындаулардың негізі төтенше жағдай тәртібі аяқталғаннан кейін бекітілген заң жүзінде қайта тексеріледі. Әлеуметтік төлемдерді заңсыз алған адамдардың жауапкершілікке тартылуы олардың жасаған заңсыз әрекетіне байланысты болады. Әлеуметтік төлем алушылардың заңсыз іс-қимылы Қылмыстық кодекстің аясында қарастырылады (190, 195 баптар)»,- деп хабарлама таратқан болатын.

 

Фото: kt.kz