Онлайн қызмет: Үйден шықпай-ақ банк картасын қалай алуға болады?

Онлайн қызмет:  Үйден шықпай-ақ банк картасын қалай алуға болады?

Төтенше жағдай кезінде онлайн қызметтер үйде отырған адамдардың өмірін біршама жеңілдете түсті. Азаматтар сыртқа шықпай-ақ түрлі тапсырыстар жасап, төлем карталары арқылы есеп айырысады. Қазіргі уақытта банк карталарына қашықтан тапсырыс алып, жеткізу қызметі іске қосылды.

Ол үшін  белгілі бір банктің клиенті болу талап етілмейді. Сіз құжат бойынша іс жүзінде тіркеліп, есепшот  ашқан сәттен бастап сол банктің клиенті боласыз. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ол үшін қашықтан қызмет көрсету тәртібін пысықтады. Елдегі 13 екінші деңгейдегі қаржы институты мен «Қазпошта» АҚ бұл қызметті онлайн көрсетеді.

Ол үшін:

– мобильдік қосымшада (егер болмаса, жүктеу және орнату), не банктің сайтында шот ашу;

– тіркелу және қашықтан сәйкестендіруден өту; – мобильді телефон нөмірін және ЖСН енгізу;

– жеке куәлікті сканирлеу (сұратқан жағдайда);

– картаның ашылғанын растау үшін SMS кодын енгізу қажет.

Клиентке бірнеше минут ішінде шот нөмірі бар SMS келеді. Клиенттер үшін онлайн сервистердің басқа да қызметтері қолжетімді болады. Мәселен, коммуналдық төлемдерді, байланыс қызметтерін төлеу, салым ашу, салықтық және кедендік төлемдерді жүргізу, жалақы аудару, ақша қаражатының жіберілу жолын қадағалау, POS/SMART терминалдар бойынша үзінді-көшірме алу. Барлық операциялар комиссияларсыз жүзеге асырылады. Әлеуметтік жәрдемақы алу үшін банк карталары тегін рәсімделетінін де  естеріңізге саламыз.

 

Фото: kommersant.ru