Қазақстанда ҰБТ-ға қатысты жаңа жоспар әзірленуде

Қазақстанда ҰБТ-ға қатысты жаңа жоспар әзірленуде

Қазақстанда коронавирусқа байланысты жағдай ушықса Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа жоспар бойынша өткізіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Қазіргі кезде министрлікте құрылған жұмыс тобы Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығымен бірлесе жаңа жоспарды пысықтау үстінде, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Айта кетейік, ҰБТ-ның онлайн байқау сынағы тегін. Білім беретін 24 сайт шектеусіз (лимитсіз) түрде қолжетімді. Оған қоса, тесттер базасы жаңартылып, әрбір пәннен 70 бірегей нұсқа енгізілді. Бұл оқушыларға сынаққа жақсылап дайындалып, өз білімдерін әділ көрсетуге мүмкіндік береді.

МАМИРОВА КАМИЛА, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

- Мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жүрмін. Ол үшін қажетті ақпарат жеткілікті. Мектепте сабақтар қашықтан өтеді. Профильді пәндер бойынша мұғалімдер тесттер береді. Өзім де қосымша онлайн тестілеуге қатысып жүрмін. Бірақ үйде оқу қиынырақ, ойымыз тез бөлінеді.

САЛТАНАТ ҚҰРМАНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ  №69 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ МАТЕМАТИКА ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:

- Қазіргі кезде оқушыларды қашықтан оқыту барысында 11 сынып оқушыларын математика пәні бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық қашықтан жүргізіліп жатыр. Ол Bilimland.kz платформасы, Whatsapp платформасы арқылы жүргізілуде. Сондай-ақ Itest.kz, онлайн мектеп платформасында жұмыстар жасалады. Оқушыларға тест тапсырмалары беріліп, теориялық көмек көрсетіледі, YouTube каналынан видеосілтемелер жіберіледі, кері байланыс алынады. Дайындық өз деңгейінде өтіп жатыр. Қиындық туған сұрақтар бойынша жеке жұмыстар жүргізіледі. Барлық тақырыптар қамтылады.

Айта кетейік, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Ел аумағында төтенше жағдай енгізілгендіктен Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініштерді қабылдау онлайн режимде жүргізілуде.

 

Фото: inbusiness.kz