Төтенше жағдай режимін бұзғандарға қатысты қолданылатын жаза күшейтілді

Төтенше жағдай режимін бұзғандарға қатысты қолданылатын  жаза күшейтілді

Бүгінде әлемді шарлап бара жатқан індеттің қауіптілігі ескеріліп, тұрғындардың сақтық шараларын сақтауы барынша қадағалануда. Бұл алдымен әр қазақстандық азаматтың жеке қауіпсіздігінің  қамы үшін қолға алынғанын бәрі бірдей ұқпаған сыңайлы. Қауіпті індеттің таралуына қатысты орнатылған шектеулерді кейбір тұрғындар елемей, карантин тәртібін бұзушылардың қатары артып келеді.  Бұндай салғырттық эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына ықпал етеді. Артынан сан соғып қалмас үшін төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сай әрекет етіп, мүмкіндігінше медицина мамандарының айтқан талаптарын қатаң ұстанған дұрыс. Осы текті ескертулер қанша жасалғанымен немқұрайлы әрекеттер тыйылмай тұр.  

Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Төтенше жағдай ережелеріне құлақ аспаған адамдар қатаң жазаға тартылады. Бас прокуратура қолданыстағы заң тәртібін күшейтті. Мәселен, жалған ақпарат таратушы қомақты айппұл төлейді, немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Төтенше жағдай кезінде тіпті 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Жалпы төтенше жағдай режимін бұзу 10 АЕК дейін айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамау түрінде әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Ал құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер үшін 40 АЕК дейін айыппұл немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.

Билік өкілінің талабын орындамаған 200 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге немесе 6 ай қоғамдық жұмыстар атқаруға мәжбүр болады.  Тіпті  2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру қарастырылған. Ал билік өкіліне қатысты күш қолдану 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, құқық қорғау, арнайы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қол сұғу 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру не мүлкі тәркіленіп тіпті өмір бойы бас бостандығынан айыру сынды  жазалар қолданылады.

Жеке ісін заңдастырған кәсіпкерлер де жауапқа тартылады. Егер санитарлық нормалар мен ережелерді бұзса қызметін тоқтата тұрумен 2 мың АЕК-ке дейін, шамамен 5 миллион теңгеден астам, ал бақылаушы органдардың талаптары мен актілерін орындамағаны үшін 500 АЕК-ке дейін айыппұл салуға әкеп соғады.

Санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу арқылы абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына, ауру жұқтыруына, немесе өліміне әкеп соғу – он жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады.

Фото: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: vitus.org.ru​