Өңірлерде карантин тәртібі күшейтіледі

Өңірлерде карантин тәртібі күшейтіледі

Батыс Қазақстан облысында бүгіннен бастап қоғамдық көлік қозғалысы тоқтады. Өңірдегі барлық мекемелер мен жұмыс берушілер жұмысшыларын қызметтік көлікпен қамтуға тиіс. Ал 17 сәуірден бастап екінші деңгейлі банктер мен «Қазпоштаның» қызметіне шектеу қойылады. Аталған ұйымдар таңғы 9-дан кешкі 4-ке дейін тек заңды тұлғаларға қызмет көрсетпек. Бірақ әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы беру ісі кешіктірілмейді. Ал 18 сәуірден бастап азық-түлік базарлары жабылады. Мұның барлығы жүріс-тұрысты шектеп, аурудың таралуын тежеу мақсатында жасалып отыр дейді облыс басшылығы.

МҰХТАР МАНКЕЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

- Банктің жұмысы кедергісіз одан әрі жалғаса береді. Бұл жерде банктерге ең басты талап, несие алам деген жеке тұлғаларды тоқтатып, халықтың жүріс-тұрысын азайту. Сылтауратып, қалада бекер жүрген азаматтарға айыппұл салуға мәжбүр болдық. Азық-түлік сататын дүкендер жұмысын жалғастырады.

Ертеңнен бастап Қостанай облысы карантинге жабылады. Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов тұрғындарға үндеу жасады. Әкім 17 сәуір 00.00-ден бастап 1 мамыр 7.00-ге дейін карантин режимі енгізілетінін айтты. Ол дәрігерлер, полицейлер мен күшейтілген режимде жұмыс істейтін кәсіпорын қызметкерлеріне құрметпен қарауға шақырды.

«Біз талай қиындық көрдік, бірақ үнемі алға жылжыдық. Бұл жолы да қиындықты еңсереміз. Біз біргеміз!», - деді облыс басшысы.

Ал 18 сәуір, сағат 00.00-ден бастап Қарағанды облысында шектеу шаралары енгізіледі, деп хабарлады шұғыл штаб. Жедел әрекет ету орталығының электрондық базасына енгізілген көліктерден басқаларына жүруге тыйым салынады. Өңірдегі барлық қалалар мен аудандар арасында блок бекеттер орнатылуы тиіс. Сағат 22:00 ден 05:00 аралығында карантин аймақтарында жеке көлікпен жүруге болмайды. Теміртау және Шахтинск қалаларында жеке көлікпен жүруге тыйым салынады. Тауар, тағам, дәрі-дәрмек жеткізушілерге ғана рұқсат етіледі.

 

Фото: uralskweek.kz