Ақтөбеде коронавирус жұқтырған науқасқа қатысты қылмыстық іс қозғалады

Ақтөбеде коронавирус жұқтырған науқасқа қатысты қылмыстық іс қозғалады

COVID-19 жұқтырған ақтөбелік науқас ауруханадан шыққан соң темір торға қамалуы мүмкін. Ол өзімен байланыста болған адамдарды жасырған. Белгілі болғандай, коронавирус індетіне шалдыққан адаммен қарым-қатынаста болған 2 адамнан инфекция анықталды.

 «14 сәуірде науқаспен байланыста болған адамда коронавирус диагнозы расталды. Бүгін таңертең тағы бір адамнан алынған сараптама қорытындысы оң нәтиже берді. Екі науқас та 2 сәуірде ауруханаға жатқызылған адаммен байланыста болған. Эпидемияға қарсы тергеу кезінде ер адам кейінгі екі адаммен қарым-қатынаста болғанын жасырған. Осыған байланысты барлық ақпарат тәртіп сақшыларына тапсырылды. Ендігі таңда ақтөбелік науқас Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 308-бабы бойынша - екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер байланыста болған адамдар қайтыс болған жағдайда ол 5 жылдан 10 жылға дейін абақтыға қамалады», - деді Ақтөбе облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Сонымен қатар коронавирус диагнозы расталған бір адамның жергілікті супермаркетке жиі барғаны анықталды. Енді сауда орны карантинге жабылады.

 

Фото: otyrar.kz