Пандемия қоршаған ортаға оң әсер берді

Пандемия қоршаған ортаға оң әсер берді

Дүниежүзі сарапшыларының айтуынша, пандемия экологияға оң әсер етті. Табиғаттың түрленгенін әлемдік БАҚ жарыса жазып жатыр. Мәселен, төтенше жағдай енгізілгелі Үндістан тұрғындары Гималайдың қарлы шыңдарын 30 жыл ішінде алғаш рет көрген.Ал Делиде ауаның ластануы 44% төмендеді. Бұл елдегі ауа сапасының жақсаруымен байланысты дейді мамандар.  Қазақстанның таулы өңірлерінде де осындай оң өзгерістер байқалады. Алматылық тұрғындар  әлеуметтік желіде  қаланың түтіннен тазарған суреті мен бейнероликтер жариялап жатыр.

ТИМУР ЕЛЕУСІЗОВ. ЭКОБЕЛСЕНДІ:

- Алматыда ресми деректерге сай  көлік қозғалысы 5 есеге азайғалы ауа біршама тазарып қалды. Бұл бірден байқалады. Оның қаншалықты тазарғанын айта алмаймын. Жалпы, атмосфера өзгерді, жақсы динамика бар. Тіпті жиі жауып жатқан жаңбыр да Алматы экологиясына жақсы әсер етуде.

Адамдар шоғырланатын жерлер жабылып, қозғалыс шектелді. Адамзат тіршілігіндегі әрекеттер азайған сайын қоршаған ортаға келтірілетін залал төмендеп, экологиялық заңбұзушылықтар азайған. Бұл  көрсеткішті жергілікті табиғат сақшылары нақты деректермен дәйектеп отыр.

МҰХИТ РАМАЗАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Заң бұзушылықтар былтырғы жылғы дәл осы уақытпен  салыстырғанда шамамен 8% азайды. Бұл еліміздегі орман шаруашылығы, жануарлар дүниесіндегі заңсыз аңшылық, балық шаруашылығын жалпы алғандағы жағдай.  Облыс орталықтары мен үлкен қалалар карантинге жабылғандықтан көл жағалап балық аулаушылар қарасы сиреді. Тау кезіп, өзен-көл жағасында демалатындар азайғандықтан табиғат аясы да тазарып қалары сөзсіз. Ал тіркелген фактілер көбіне ауылды желерде орын алғанын байқауға болады.

Карантин кезінде қаланың қызу өмірі басылғалы  жан-жануарлар да еркінси бастағандай. Елордадағы ботаникалық бақтағы жасанды көлге қос аққу қонды. Бұрын-соңды бұл айдында жүзген құс болмаған екен. Бұл уақытша құбылыс болуы мүмкін. Дегенмен махаббат символының ел үшін сындарлы кезде қала ішіне келіп қонуын жұрт жақсылықтың нышанына балауда.

РУСЛАН ОРАЗАЛИЕВ, ОРНИТОЛОГ:

- Ботаникалық саябақта қамыс өспейді. Оларға ұя салуға ыңғайлы орын қажет. Демек, бұл факт уақытша құбылыс болуы ықтимал.

 Жабайы дала жануарларымен байланысты қызықты жайттар өзге де елдерде байқалуда. Венецияда карантин кезінде балықтар мен дельфиндер жағаға жақындап, Иаталияда маймылдар, ал Қытайда пілдер шаһарларға кіре бастаған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: fotokto.ru