Павлодарда бірқатар көшеге белгілі тұлғалардың есімі берілді

Павлодарда бірқатар көшеге белгілі тұлғалардың есімі берілді

Павлодар қаласында көшелерге қазақтың зиялы тұлғаларының, танымал азаматтардың есімі берілді. Олардың қатарында этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ұлы Отан соғысының ардагері Қабдеш Нұркин, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, қазақтың ұлы жырауы Бұқар жырау, есімі ел арасында кең тараған Едіге би  есімдері бар.

Бұл  тұлғалар осы Павлодар облысында дүниеге  келіп,  кейін мемлекетіміздің қалыптасуына елеулі үлес қосқан болатын. Көшелердің жаңа атауына қатысты құжаттар әділет органдарында тіркелді. Қазір ғимараттарда ілініп тұрған тақтайшаларды ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта Димитров, Карл Маркс, Киров, Аймауытов, Володарский және Бестужов көшелерінің атаулары өзгертілмек.

Айта кетейік, жергілікті қоғам белсенділері қала көшелеріндегі Кеңестік кезеңнен қалған ескі атауларды өзгерту туралы ұсынысты өткен жылдың соңына қарай көтерген болатын. 18 қарашада алғашқы тыңдалым ұйымдастырылып, ұсыныстар ономастикалық комиссиядан қолдау тапты.

 

Фото:planet-earth.ru