Бірқатар ірі әуе компаниялары ұшпаған рейстер үшін ақшаны қайтарудан бас тартты

Бірқатар ірі әуе компаниялары ұшпаған рейстер үшін ақшаны қайтарудан бас тартты

71 әуе компаниясы сатылған билеттер үшін ақшаны қайтаруды тоқтатты, деп хабарлайды Turizm.ru сайты.

Порталдың мәліметінше, тасымалдаушылар туристерге қолма-қол ақшаның орнына туристік ваучерлер ұсынып отыр. Олардың әрекет ету мерзімі бір жылдан 760 күнге дейін. Қаржыны есептеуге арналған бұл жүйе билетке төленген ақшаны болашақта басқа әуебилетін сатып алуға жұмсауға мүмкіндік береді. Тізімге Lufthansa неміс әуе компаниясы, Austrian Airlines және Swiss International Airlines, түркиялық Turkish Airlines, португалиялық TAP Portugal сынды ірі тасымалдаушылар, Emirates Airlines және ірі израильдік тасымалдаушы EL AL Israel Airlines кірген.

Сонымен қатар Ethiad Airways, Thai Airways, Czech Airlines, Virgin Atlantic, Croatia Airlines, SAS компаниялары да клиенттерге билет құнын қайтаруды тоқтатты. Нидерландтық KLM компаниясы мен француз тасымалдаушысы Air France та Оңтүстік Корея,Қытай және Израильден басқа әлем бойынша кейінге қалдырылған рейстерге сатылған билеттердің ақшасын қайтармайтын болды.

Бұл тізімге ресейлік «Аэрофлот», S7 Airlines және Nordwind Airlines компаниялары да енген.

Айта кетейік, тізімде қазақстандық әуе компаниялары жоқ. Бірақ еліміздің кейбір туроператорлары сертификаттар мен ваучерлер жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Яғни, туристерге төленген қаржысы қайтарылмайды, оның орнына демалысты басқа мерзімге ауыстырып, сертификатты пайдалану ұсынылады. Қазіргі кезде бұл жоба пысықталып жатыр.

 

Фото: tengritravel.kz