500 мың теңге жалақысы бар адамдар әлеуметтік жәрдемақыдан дәмелі болған

500 мың теңге жалақысы бар адамдар әлеуметтік жәрдемақыдан дәмелі болған

Елорда тұрғындары арасында 500 мың теңге жалақысы бар адамдар да 42500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемді алуға өтінім білдірген. Бұл туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Сәуле Нұрғожина мәлімдеді. Ол арнайы жәрдемақыны әлі күнге дейін мұқтаж жандардың неге ала алмай отырғанын түсіндірді.

«Мамандар демалыссыз күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Өтінімдерді «Азаматтарға арналған үкімет« КЕАҚ-мен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен бірлесе отырып қарастырып жатырмыз. Уақыттың бір бөлігі барлық деректерді тексеруге кетіп жатыр. Қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан тұрғындар да өтінім беруде, олардың ішінде еңбекақысы 500 мың теңгені құрайтындары да бар. Кей адамдар бірнеше қайтара өтінім беруде. Осының барлығы өтінімдерді тексеру уақытына әсер етеді. Мамандар әр өтінімді мұқият тексереді. Уақытты үнемдеу және өтінімдерді өңдеу жылдамдығын арттыру үшін өтінімді тек бір рет ғана жіберу керек», - деді жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина.

Айта кетейік, өтінішті «Электрондық үкімет» веб-порталы, telegrambot egov.kz немесе 42500.enbek.kz сайты арқылы электрондық форматта беруге болады.

 

Фото: inform.kz