Төтенше жағдай кезіндегі шектеулерге еліміздегі діни ұйымдар қолдау жасады

Төтенше жағдай кезіндегі шектеулерге еліміздегі діни ұйымдар қолдау жасады

Күллі мұсылман қауымына ұлық Ораза айының басталуына 10 күн қалды. Биыл Қасиетті Рамазан айы сәуірдің 24-і басталып, 29 күнге созылады. Ораза Айт 24 мамырға белгіленді. Бұл жөнінде арнайы брифинг барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті. Ол барша мұсылман жамиғатын мейрам кезінде төтенше жағдайға байланысты барлық шектеу шараларын сақтауға үндеді. Бұл тұрғыда мейрамханаларға тапсырыс беріп, аузы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырды.

НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:

 - Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда және басқа да мекемелерде жиналып, ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан карантин күндері әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге, көпшілік орындарда жиналмауға үндейміз.

Христиан дінінің православие бағытын ұстанушылар да Пасха мейрамын қашықтан атап өтетін болады. Мерекеге орай шіркеуде ұйымдастырылатын діни рәсімдер тікелей эфирде көрсетіледі.

МИТРОПОЛИТ АЛЕКСАНДР, ҚР ОРЫС ПРАВОСЛАВ ШІРКЕУІНІҢ МИТРОПОЛИТТІК ОКРУГІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Көптеген адамдар төтенше жағдайға байланысты биыл Пасханы үйде қарсы алуға мәжбүр. Бұған түсіністікпен қарау керек. Жан тазаратын мейрамды шын ниетпен өткеру қажет. Шіркеуге, қонаққа бармай-ақ бар дәстүрлерді сақтап үйде отырып дұға оқып, ізгі тілектер жолдау жеткілікті. Мерекеге баршамен ортақтасуға тікелей трансляциялар көмектесетін болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: nicstyle.ru