Төтенше жағдай уақытындағы үйлену тойларының сәні

Төтенше жағдай уақытындағы үйлену тойларының сәні

Пандемия әлемді дүрбелеңге салғанымен өмір жалғасуда. Төтенше жағдайға қарамастан көптеген адамдар жұптарын тауып, біршамасы жанұя құруға бел буып жатыр. Қатерлі індет сейілгенше түрлі жиындар мен жаппай тойлау шараларын өткізуге уақытша тыйым салынғаны белгілі. Дейтұра, бақытты жас отаулар қуаныштарымен әлеуметтік желілерде бөлісіп, үйлену тойының жаңа сән үлгілерін енгізуде. Мәселен, Палестинада төтенше жағдай тәртібін қатаң сақтайтын қалыңдықтар тырнақты бояу және неке жүзігін кию дәстүрін медициналық перчатканың үстінен жасауды қалыптастырған.

Ал Индонезияда неке қию салтанаттына дейін жұптарға залалсыздандыру шараларынан өту талабы қойылады.  

Боснияда қалыңдық пен күйеу жігіт медициналық маскаларды ерекше безендіруге ден қойған.

Дәл осы маңызды қорғаныс құралы қалыңдықтың басты әшекей бұйымына айналып келеді. Тіпті бұл шығармашылық іске дизайнерлер мықтап кіріскен. Сәнқойлардың талғамы мен сұранысқа сай келетін түрлі үлгілері ұсынылады. Інжу-маржан сынды бағалы тастармен әрленген  маскалардыда желіден табу қиын емес.

Мамандар, үйленіп үй боламын деген жандарға ең бастысы қауіпсіздік пен қорғаныс шараларын сақтауға көңіл бөлген дұрыс деген кеңес береді.

 

 

 

 

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов