Қазақстандық ғарышкерлер кәсіби мейрамдарын қашықтан атап өтті

Қазақстандық ғарышкерлер кәсіби мейрамдарын қашықтан атап өтті

12 сәуір – ғарышкерлердің кәсіби мерекесі. Әлемде белең алған коронавирус биыл мейрамды тойлау дәстүріне де әсерін тигізді. Төтенше жағдайға байланысты атаулы күнді мерекелеу уақыты шегерілді. Бұл тарихта бұрын соңды тіркелмеген жайт. Дейтұра, осы күні еліміздің тұрғындары ғарышты бағындырып, аспан әлемін меңгеріп жүрген отандық мамандарға әлеуметтік желілерден ізгі тілектерін жолдады. Жергілікті арналардан салаға қатысты деректі және көркем фильмдер көрсетілді. Ал ғарышкерлер болса, карантин тәртібін сақтап, кәсіби мерекелерін онлайн түрде атап өтті. Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында жазба жариялап, мереке иелерін құттықтады. Президент «Байқоңыр - ғарыш кеңістігін игерген адамзат жетістігінің символы» деді.

«Баршаңызды бүгінгі тамаша мереке - Ғарышкерлер күнімен құттықтаймын! Қазақстан әлемдік космонавтиканың дамуына зор үлес қосқаны сөзсіз. Байқоңыр - ғарыш кеңістігін игерген адамзат жетістігінің символы. Қазақ ғарышкерлерін мақтан тұтамыз!», - деп жазды Президент. 

1961 жылы дәл осы күні ғарышкер Юрий Гагарин «Байкоңыр» ғарыш айлағынан «Восток-1» кемесімен тұңғыш рет ғарышқа аттанды. Ұшу уақыты 108 минут болды. Бұл адамзат тарихында ғарышты бағындырған күн деп бекітілді. Содан бері халықаралық мейрам үзілмей тойланып келеді. Шамамен 60 жыл ішінде ғарышта үш қазақстандық ұшқыш-ғарышкер болды: Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов.

Ғарышкерлер бір-бірін кәсіби мерекемен онлайн түрде құттықтады. Ұзақ уақытқа дейін қоғамнан оқшаулануға дағдыланған мамандар карантин қатты әсер тигізбегенін айтады. Алайда, халық қаһарманы, ғарышкер - Талғат Мұсабаев дәл осы күнде әдетте жақын достары және әріптестері арасында өткізуді жақсы дәстүрге айналдырғанын айтады.

ТАЛҒАТ МҰСАБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ, ҒАРЫШКЕР

 - Әдетте бұл күнді ғарышқа бірге ұшқан, саланы дамытуда иық тіресе жұмыс істейін әріптестеріммен бірге тойлаушы едік. Бүгінгі сындарлы сағаттарда ондай мүмкіндік болмай тұр. Әрине өкінішке орай төтенше жағдайға байланысты биылғы мейрамда басымыз қосылмайды.

Жер шарынан қашықтықта, адам баласынан алыста жүруге үйренген маман, карантин кезінде қазақстандықтарға кәсіби кеңесін берді.

ТАЛҒАТ МҰСАБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ, ҒАРЫШКЕР:

 - Бүгінде көбі төрт қабырғаға қамалып қалды. Қоғамнан оқшаулануға мәжбүр болды. Коронавирустың тарауына қатысты алаңдамаңыздар. Біз бәрін жеңеміз. Ең бастысы, мақсат қоя білу керек. Үйде отырыпта жұмыс жасауға болады. Әсіресе, өз-өзіңді танып дамыту үшін жақсы мүмкіндік туды деп ойлаңыздар.

Қазақстандық ғарышкер дамыған заманда озық технологиялар оқшаулану тәртібін әлдеқайда жеңілдеттетінін айтады. Сондықтан қашықтан кездесу ұйымдастыруға бар мүмкіндіктер жасалған, дейді ол.

ТАЛҒАТ МҰСАБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ, ҒАРЫШКЕР:

 - Біз бір-бірімізді қашықтан құттықтап жатырмыз. Өткенді еске алып, бүгінгі күнге көз жүгірттік. Ендігі кезекте жаңа белестерді бағындыруға күш жұмсау керекпіз. Карантинді ғарыштағы қызметпен  салыстыруға болады. Илюминатор арқылы айналамызды бақылап көп нәрсені үйренуге болады.

 

Фото: np.kz