Әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев туралы 10 дерек

Әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев туралы 10 дерек

«Халқым менен де биік» деп қазақты өзінен әрдайым биік санаған, халық амандығы мен болашағы үшін орасан еңбек еткен белгілі ғалым, геолог Қаныш Сәтбаевтың туғанына биыл – 121 жыл. Қазақтан шыққан тұңғыш геолог туралы біз не білеміз? Тұлғаның туған күніне орай естеліктерге толы қызықты 10 деректі назарларыңызға ұсынамыз.

1. Қаныш Сәтбаевтың азан шықырып қойған есімі – Ғабдулғани. Арабшадан аударғанда «шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз Алланың құлы» деген мағынаны береді. Ал анасы ұлын еркелетіп «Ғани», «Ғаныш» деп атаған. Кейін барлығы «Қаныш» деп атап кеткен.

2. Қаныш әкесі Имантайдың кіші жарынан туған. Анасы Әлима – әйгілі Мұса Шорман әулетінің келіні болған, жасынан жесір қалған.

3. Академик Қаныш Сәтбаевтың ең ірі жобасы – «Ертіс-Қарағанды» каналы. Сәтбаев кешенді істің Кеңес үкіметінің жетіжылдық жоспарына енуіне мұрындық болған. Жобаның құрылысы 1961 жылы басталып, 1967 жылғы желтоқсан айында бірінші кезегі аяқталып, Ертіс суы Екібастұзды жанамалай, Қарағанды мен Теміртау қалаларына жетті. Содан беріде Орталық Қазақстан алқабы иен суға кенелді.

4. Қаныш Имантайұлы алғашқы қазақ мектептеріне арналып ана тілінде жазылған «Алгебра» оқулығының авторы. Алғашқы ғылыми еңбегіне жататын оқулық қолжазбасы 1642 беттен тұрған.

5. 1947 жылғы наурызда Қаныш Сәтбаев КСРО Жоғарғы Советінің делегациясы құрамында Англияға барған. Сапар барысында қазақ ғалымын алғаш көрген Ұлыбританияның әйгілі саясаткері Уинстон Черчилль зор денелі Қаныш ағаға тесірейе қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда Қанеке: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Халқым менен де биік», – деп жауап беріпті.

6. Қаныш Сәтбаев қазақ археологиясының бәйтерегі, ғалым Әлкей Марғұланды қуғын-сүргін азабынан құтқарып, Алматыдағы КСРО Ғылым Академиясының филиалына жұмысқа алады. Сондай-ақ, Сәтпаев оған археологиямен айналысуға кеңес береді.

7. Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов дос болған. Жазушы мен ғалым Семейдегі семинарияда бірге оқыған. Қаныш Имантайұлының көзін көргендердің айтуынша, екеуі бір жатақханада, бір пәтерде тұрған. Жастайынан бірін-бірі қолдап, адал достықтары соңғы сәтке дейін жалғасқан.

8. Қазақстанның жерасты қазба байлығының картасын жасаған кезде Қаныш Сәтбаев төрт-бес ірі кенішті картаға кіргізбеген. Ол өзінің сыртқа сыр шашпайтын сырлас достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға: «Әдейі жасырып алып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар!» – деген екен.

9. Қаныш Сәтбаев алуан түрлі тастары бар тауларды, дархан даланы жақсы көрген. Ол кішкентайынан тау-тастардан, қыраттардан әр түрлі түске боялған тастарды жинаған.

10. Қаныш Сәтбаев өнердің сан-саласында озық болған. Ол домбыра мен гитарада тамаша ойнаған. Сондай-ақ, би өнерін қатты қадірлеген. Археолог ғалым Ә. Марғұланның айтуынша,  Қаныш Сәтбаев полька, мазурка, вальс билерін билеуге қызыққан.

     

Мақала Qazaqstan tarihy порталында жарық көрген материал негізінде жазылды.

 

Фото: sputniknews.kz