Қазақстанда төтенше жағдай режимі 30 сәуірге дейін ұзартылды

Қазақстанда төтенше жағдай режимі 30 сәуірге дейін ұзартылды

Қазақстанда төтенше жағдай сәуір айының соңына дейін жалғасады. Бүгін мемлекет басшысы осындай тапсырма берді.

«Төтенше жағдай режимін, кем дегенде, сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегін әлі өткізген жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осы себепке байланысты карантин режимін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында.

Президент мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінетінін айтты. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. «Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы», – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай режимі президенттің жарлығымен 16 наурызда бір айға енгізілген еді.

 

Фото: liter.kz