Қашықтан жұмыс: Аналар қызметі мен міндетін қалай ұштастырып жүр?

Қашықтан жұмыс: Аналар қызметі мен міндетін қалай ұштастырып жүр?

«Болды. Аналарың жұмыста!». Карантин режимі енгізілгелі көптеген әйелдер отбасына осындай хабарлама беріп, өздері асүйін шағын кеңсеге айналдырып алуға мәжбүр. Өйткені Қазақстан бойынша бүкіл мекемелер қашықтан жұмысқа көшті. Олардың қатарында Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталығы да бар. Үш қыздың анасы  Алмагүл Қабылтаева осында қызмет етеді.  Қазір таңертеңгі 9-дан кешкі 18:30-ға дейін телефон алдында, яғни жұмыста. Үйде отырып-ақ, күніне 200-250 қоңырау қабылдайды.  Ал елге қызмет көрсететін аналарына балалары кедергі келтірмеу үшін күйеуі арнайы ескерту тақтасын жасапты. Онда көрсетілгендей, аналары тек түскі үзіліске шыға алады.

АЛМАС ТЕМІРБАЕВ, АЛМАГҮЛ ҚАБЫЛТАЕВАНЫҢ КҮЙЕУІ:

Балаларға өзім қараймын, тамақтарын беремін, ұйықтатамын, ойнатамын, бірақ сағат 18:30 әйеліме тапсырамын. Қашықтан жұмыс жасаудың ұтымды тұсы – жолға уақыт кетпейді.

2 баланың анасы Әсел Күшенғалиева болса барлығына бір өзі үлгеріп жүр. Жары таңертең жұмысқа кеткеннен кешке бірақ оралады. Бұрын балабақшаға баратын екі баласына түрлі ойындар ұйымдастырып беріп,  өзі қазір  қашықтан жұмысқа көшкен «Kazakh TV» арнасының сайтына жаңалықтар жазуға отырады. Журналистттің балалары мектеп жасына жетпеген.Сондықтан тіпті ескерту тақтасы да көмектесе алмайды дейді Әсел.

ӘСЕЛ КҮШЕНҒАЛИЕВА, «KAZAKH TV» АРНАСЫНЫҢ РЕДАКТОРЫ:

- Әрине,  жалғыз өзіме оңай емес. Дегенмен уақытымды дұрыс үйлестірудің пайдасы көп.  Ерте тұрып, балаларымның тамағын беріп,  оларға күні бойы қызықты болып,  алдандыратын ойындар,  мультфильмдерін даярлап қоямын. Түскі, кешкі ас бәрін жұмыс біткен соң, кешкі, түнгі уақытта әзірлеп жүрмін Жұмысым олардың түстен кейінгі ұйқысы кезінде өнімді бола түседі. Сонымен қатар, күніне 10 минут балабақшадан берілетін тапсырмаларды орындауға бөліп жүрмін.

Дегенмен тілшілік тіршілік оңай міндет емес. Әсіресе жауапты тақырыптарды жазып,онлайн брифингтерді көретін кездері балалар үй ішінен үй тігіп, оқшаулануға мәжбүр.

Қашықтан жұмыс тек қазақ аналары үшін ғана емес бүкіл әлемде маңызы зор мәселе болып тұр. Мұны әлеуметтік желілердегі түрлі жазбалардан байқауға болады. Солардың бірі «Карантиннің үшінші күнінде көп балалы ана коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапты» деген әзіл. Бұл күндер де артта қалары анық. Дегенмен әдемі әзіл мен астарлы сөз қандай қиындықты болсын жеңілдетіп жіберетін қару болып қала бермек.