Қазақстандықтар коронавируспен күресу үшін өз үлестерін қосуда

Қазақстандықтар коронавируспен күресу үшін өз үлестерін қосуда

«Бірлік түбі береке» демекші, ел басына төнген қиын қыстау кезеңде қазақстандықтар ащы тырнағын батырған індеттің тамырына балта шабу үшін жұмылуда. «Бір біргеміз» атты акция көп көтерген жүктің жеңіл болатынын іс жүзінде дәлелдеп берді.

Мәселен, Қарағандының жомарт азаматтары дәрігерлер мен еріктілерді көлік, қорғаныш және залалсыздандыратын жабдықтармен қамтамасыз етті.

«Еріктілер бұл көліктермен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына азық түлік және  медициналық қорғаныш заттарын жеткізетін болады. Компания жүргізушілер мен көліктерге кеткен шығынды өз мойнына алады. Төтенше жағдай кезінде біздің ұжым қарап тұра алмайды. Коронавируспен күрес жолында қолымыздан келген көмектен аянып қалмаймыз» - деді, кәсіпкер Хамит Босқынбаев.

Алматы өңірінің қалталы азаматтары мен қоғамдық ұйымдары да сындарлы сағаттарда күш біріктіруді жөн санаған. Олар көп балалы отбасыларына азық-түлік жеткізіп, тегін тамақтандыру ісін қолға алды. Сондай-ақ Талдықорған маңындағы блок-бекеттердегі қызметкерлерді ыстық тамақпен қамтып тұрады.

«Көптеген тәртіп сақшылары күні-түні далада біздің тыныштығымызды күзетеді. Енді біреулері төрт қабырғада қамалып нанғада қолдары жетпей отыр. Бұл бір реттік шара емес. Карантин ашылғанша дейін мүмкіндігімізше көмек жасайтын боламыз» - деді, кәсіпкер Дәурен Талипов.

Қайырымдылық адам жанының нұры екенін белсенді жастар да барынша танытып жүр. Мәселен, Орал қаласының 75 студенті қатерлі індетпен тікелей күресіп жатқан абзал жандарға тамақ жеткізіп және басқада қажет заттарды тасуға кіріскен. «Біз біргеміз!» акциясын танымал әнші Димаш Құдайбергенов те қолдады. Ол Нұр-Сұлтан және Ақтөбедегі жүз жанұяға бес тонна азық-түлік жолдаған. Әншінің көмегін мұқтаж жандарға жеткізу үшін еріктілер мен «Nur Otan» партиясының мүшелері атсалысты.

 

Фото: ekaraganda.kz