Әлем футболшыларының нарықтағы құны 9,22 млрд еуроға төмендеді

Әлем футболшыларының нарықтағы құны 9,22 млрд еуроға төмендеді

Жаһандық деңгейдегі пандемия кезінде жарияланған төтенше жағдай уақытында жасыл алаңдағы кездесулер тоқтатылып, футболдан барлық деңгейдегі жарыстарға шектеу қойылды. Нәтижесінде аяқ доп шеберлері шамамен 20% кем бағаланатын болды.

Осыған қатысты әйгілі Transfermarkt порталы әлемдегі ең кұнды ойыншылардың жаңа тізімін жария етті. Көшті Франция құрамасы мен ПСЖ клубының ойыншысы Килиан Мбаппе бастап тұр. Әлем чемпионы деген дардай атағы бар 21 жасар шабуылшы 180 млн евроға бағаланып отыр. Екінші және үшінші орындарда -  Рахим Стерлинг пен Неймар. Олардың бірі «Манчестер Ситиде», екіншісі ПСЖ-да өнер көрсетуде. Қазіргі кезде екеуінің де құны – 128 млн евро.

Сондай-ақ «ТОП-10» құнды футболшылар қатарына мына ойыншылар енуде: Садьо Мане («Ливерпуль») – 120 млн евро, Мұхамед Салах («Ливерпуль»), Харри Кейн («Тоттенхэм»), Кевин де Брюйне («Манчестер Сити») – 120 млн евро, Джейдон Санчо («Боруссия» Дортмунд) – 117 млн евро, Лионель Месси («Барселона») – 112 млн евро және Трент Александер-Арнолд («Ливерпуль») – 99 млн евро.

Ал төрткүл дүниедегі теңдессіз теңбіл доп шеберлерінің бірі әрі бірегейі Криштиану Роналду («Ювентус») 60 млн евроға бағаланды. Ол небары 47 орынды қанағат тұтуда.

 

Фото: sports.ru