Қазақстандықтар білім меңгерудің жаңа жүйесін әзілге айналдыруда

Қазақстандықтар білім меңгерудің жаңа жүйесін әзілге айналдыруда

Пандемия салдарынан мектептер қаңырап бос тұр. Алайда бұл сабақ болмайды деген сөз емес. Білім деңгейі бекітілген бағдарламаға сай толық беріліп жатыр. Төтенше жағдайға байланысты шәкірттер қашықтан оқу жүйесіне ауыстырылды. Алайда, оны меңгерудің жаңа түрін бәрі бірден ұқпай «білім инемен құдық қазғандай» деген сөздің мәнін түсіне бастаған сыңайлы.

«Апай, Балапанды қостым, сіз жоқсыз» немесе «Апай, денешынықтыруда киінемізбе?», деген дыбыстық жазбалар әлеуметтік желілерде тарап кетті. Тіпті кейбір оқушылар өздері үйренген қалыпты оқу барысын,  мүғалімдері мен сыныптастарын сағынғандарын жеткізіп ағынан жарылуда.

«Сәлеметсіз бе, мен Нұрисламмын. Мен мектепке барып оқығым келеді. Үйде оқығым келмейді. Анам ұрсып, дұрыс түсіндірмейді. Бәріңізді сағындым, сіз ауырмаңыз».

Бұл видео әлеуметтік желілерде жылдам тарап, еліміздің білім министріне дейін жеткен. Көптің жүрегін елжіреткен бейнежазбаны көрген Асхат Аймағамбетов көңілі босаған жасөспірімге анасын тыңдауға кеңес берді. Бұған дейін жұмыс басты жүріп баласының оқу үлгеріміне көңіл бөлмей келген ата-аналарға да жаңа жүйе оңай тиіп отырған жоқ.  

Мәселен, танымал блогер, Мөлдір Анарбаеваның Instagram парақшасындағы оқтау ұстап балаларын оқытқан бейне түсірілімі 90 мыңға жуық рет қаралған. Астарлы әзіл арқылы көп балалы ана жаңа жүйенің мәні мен маңызын түсіндіре келе төрт қабырғада қалған  ата-аналардың қандай жағдайға тап болғанын көрсетеді. Оның айтуынша, адам барымен, балаларымен бақытты болу керек.

Әрине бұл кішігірім әзілдер адамдардың көңілін көтеру қамында жасалған. Шын мәніне келгенде қашықтан оқытудың алғашқы аптасы сәтті өтуде дейді, ұстаздар қауымы. Жаңа жүйе бастапқыда істен шығып көптеген адамды әбігерге салғаны рас. Қазір ақау жөнделіп, жұмысы жандана түскен. Бүгінде елде 3 миллионнан астам оқушы қашықтан оқып жатыр. Шәкірттердің түрлі челлендждер арқылы ұстаздарына алғыс білдіретін видеолары да желіде аз емес.

 

Фото: fishki.net