ЖОО қашықтан оқыту: жаңа технологияларды игеру кезеңі

ЖОО қашықтан оқыту: жаңа технологияларды игеру кезеңі

Карантин деп арқаны кеңге сала алмайсыз. Еліміздің түкпір-түкпірінде мыңдаған студент сабақтарын жалғастыруда. Бұл тұрғыда тәлімгерлер аудиторияда отырып, оқытушыны жақыннан тыңдағанға жетпейді дейді.

МҰХИТ НҮСІПБЕК, Қ. СӘТБАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰТУ СТУДЕНТІ:

 - Біз қазір Microsoft Teams,  Google Classroom, Zoom  бағдарламаларын пайдаланып оқып жатырмыз. Ұстаздарымыз негізгі тақырыптарды түсіндіріп тапсырма береді. Орындап,  почта арқылы жібереміз. Өз басыма аудиторияда, оқытушымен, тобыммен отырып оқығанға жетпейді бірақ.

Ал оқытушылар жағы студенттерге жаңа жағдайға бейімделудің тиімді тұстары көп деген ойда.  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ЖОО арасында алғашқы болып қашықтан оқытуды бастап кетті деген профессор Алмаш Сейдикенова бұл жүйе анау айтқандай жаңалық емес дейді.

АЛМАШ СЕЙДИКЕНОВА, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫСЫ, ПРОФЕССОР:

 - Қашықтан оқыту мен онлайн оқытудың айырмашылығы бар. Қашықтан оқыту бірнеше жылдан бері университетте сырттай білім алушылар мен шетелге оқуға кеткен студенттер үшін қолданылады. Екінші жоғары білім алатындар да осы жүйе бойынша оқиды. Бұл оқу түрі әлемнің барлық университетінде жүзеге асырылады. Универ жүйесіндегі арнайы қашықтан оқыту деген бөлімде тапсырма беру, алу, тексеру жұмыстары жүргізіледі. Қазір көп адамдар қашықтан оқыту мен онлайн оқытуды шатастырып жүр. Онлайн оқытуда белгілі уақытта арнайы бағдарламаның көмегімен оқытушы мен студент тікелей байланысқа шығып оқиды. Екеуі де біз үшін аса жаңалық болған жоқ. Өйткені бұған дейін де Skype арқылы шетелдік ЖОО- мен конференция, семинар, форум өткізіп жүрген едік.  Дегенмен интернет желісі бір сәтте бірнеше адам қосылғанда көтермей, үзіліп кетіп жатады. Зейнеткер оқытушылар үшін бұл бағдарламаны үйрену біраз қиындық туғызды.

ЖОО жүріп жатқан бұл тәжірибе әлі де жемісін береді. Бұл ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың пікірі. Онлайн технологиялар болашақта белсенді қолданыла береді дейді ол.

ЕРЛАН СЫДЫҚОВ, Л.Н. ГУМИЛЁВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ РЕКТОРЫ:

-  Біздің университетте бір күнде 20 000 студент пен 2 000 оқытушы қашықтан оқуға көшеді. Әрине, алғашқы кезде техникалықмүмкіндік көтермей жатты. Серверлер істен шығып, қысқа тұйықталу болған кезді де өткердік. Бірақ мұның бәрі үлкен тәжірибе.

 

Фото: informburo.kz