Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұртты бір мезетте дұға жасауға үндеді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұртты бір мезетте дұға жасауға үндеді

Қазақстанның бас мүфтиі жамағатты 10 сәуір, жұма күні намаз уақытында адамзаттың амандығы үшін бір мезетте дұға жасауға шақырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында осындай үндеу жарияланған. Онда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазіргі таңдағы бұл ауыр індет күллі адамзат баласына қатер төндіріп тұрғанын баса айтады.

«Құрметті Дін Басшылары, мұсылман бауырлар! Бүгінде COVID-19 коронавирус жұқпалы дерті жер бетіндегі әлем жұртшылығын алаңдатып отырғаны баршаңызға мәлім. Өкінішке орай, бұл індеттен әлемде мыңдаған адам көз жұмды. Әлемде осы дерттен қаза тауып, қара жамылған отбасылардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Өмірді сынақ мекені деп білген мұсылман баласы басына қиындық түссе, төзімділік танытады, нығметке бөленсе, шүкір етеді. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ислам әлемінің ғұламаларын, күллі дін қайраткерлерін, дін саласының оқытушы-ұстаздары мен Құран қариларын және барша мұсылман қауымын 10 сәуір, жұма күні намаз уақытында «Біз біргеміз, тілегіміз ортақ» деген игі бастама аясында күллі адамзаттың амандығы үшін бір мезетте алақан жайып, дұға жасауға үндеймін», - деп атап өткен Наурызбай қажы Тағанұлы.

 

Фото: toppress.kz