Қазақстандық оқушы Гарвард университетіне шақырту алды

Қазақстандық оқушы Гарвард университетіне шақырту алды

Қазақстандық оқушы Сұлтанәлі Нұрманұлы Гарвард университетіне оқуға түсті. Сұлтанәлі  Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірті.

СҰЛТАНАЛИ НҰРМАНҰЛЫ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА БАҒЫТЫНДАҒЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

 - Дайындықты 10-сыныптың жазында бастап, үш рет сынақ тапсырдым. Математика мен физика, химия  пәндерінен білімімді толықтырдым. Үшеуінен 800 ұпай жинадым. Бұл тестер университетке даярлықты сынайды. Кейін ағылшын тілін білу деңгейім тексерілді.

Емтихандар мен жинаған ұпайлар алғашқы сынақтан құтқарады. Ендігі кезекте аса күрделі  шығармашылық кезеңнен өту керек. Бұл сында мүдірмеу үшін қарапайым спорт және ән айтамын, би билеймін деген жеткіліксіз, дейді ол. Бұл орайда арманы асқақ, отандасымыздың  нақты ғылымдарды терең меңгерумен қатар киноөндіріс саласына бүйрегі бұрып тұрғаны үлкен сеп болған.

СҰЛТАНАЛИ НҰРМАНҰЛЫ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА БАҒЫТЫНДАҒЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

 - Бұл бөлім тағдырымды шешетін болғасын ұнайтын іс табу керек болды. Киноға өнер ретінде қараймын. Ата-анама осы саланы меңгергім келетінін айттым. Әкем «Қазақфильм» киностудиясына апарды. 3D форматында фильм жасайтын шығармашылық топпен таныстым. Екі айдай анимацияның қыр-сырын үйреніп, жаз біткенде тұңғыш жобамды аяқтадым. Бұл жұмысқа аптасына 40 сағат жұмсадым.

Киноөндірісіндегі тұңғыш жобасы мен өзі туралы жазған эсселері оған көксеген жеңісін сыйлады. Бұдан соң «Халықаралық жарыстың жүлдегері болмасаң, шетелге оқуға түсе алмайсың деген ойдың қате екенін түсіндім», дейді білім қуған жігерлі жас. Оған қоса Сұлтанәлі саясат пен психологияны оқып, француз тілін үйреніп жүрген жан-жақты білімі бар шәкірт дейді, ұстаздары.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА БАҒЫТЫНДАҒЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Өте қуаныштымын. Сабақ берген, өнеге танытып, тәрбиемен сусындатқан мектебіміздің әр мұғаліміне ұстаз ретінде ризашылығымды білдіремін. Осындай бала тәрбиелеген ата-анасына да көп рахмет. Ортақ жеңістеріміз көп болсын. Барлық шәкірттеріміз осындай жетістіктерімен мемлекетіміздің дамуына үлесін қосып, халқымыздың алғысына бөлене берсін дегім келеді. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов