Бүгін «күш атасы» Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған күні

Бүгін «күш атасы» Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған күні

Қажымұқан Мұңайтпасұлы! Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды.

Бүгінгі атаулы күнге орай атақты балуан туралы 5 дерек ұсынбақпыз.

  1. «Қанына тартқан». Қажымұқанды күреске атасы Ернақ баулыған. Ол кісінің өзі де белдескеннің жауырынын жерге тигізбей қоймайды екен. Өз әкесі де талай сында жеңіске жеткен балуандардың бірі болған.
  2. ҰОС кезінде өз еңбегімен тапқан 100 мың сомды —осы қаржыға ұшақ сатып алып, оны Амангелді Иманов атымен атауды өтініп, Жеңіс қорына аударды. 29 қазанда мынадай жеделхат келді: «Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы, Ақтөбе кол-зы, Мұңайтпасовқа. Қызыл Армияның Әскери күштеріне көрсеткен қамқорлығыңыз үшін менен сәлем және Қызыл Армиядан ризашылық қабылдаңыз, жолдас Қажымұқан. Сіздің тілегіңіз орындалады. Сталин».
  3. Балуанның бір емес бірнеше лақап аты болған.  Жапондық Ямагата Муханураның атынан халықаралық жарыста өнер көрсетіп,оның атын біраз жамылуына тура келген. Орыстар көбіне «Қара Иван» атаса, 1912 жылғы Меккеге  сапарынан кейін «қажы» сөзі  қосылған. Бұдан бөлек «қара маска»,  «қара Мұстафа» деген лақап аттары да белгілі. 
  4. Цирк аренасына тұңғыш рет 20 жасында шыққан.
  5. Анасының айтуына қарағанда балуан егер бәстесе қалса бір қойды жалғыз жәукемдеп, құмыра толы майды сіміре салатын болған.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпақтары бұл күндері Ресейдің Омбы қаласы мен Түркістан облысында тұрып жатыр. Ал Ақмола облысындағы балуанның туған жерінде «Қажымұқан» атты үлкен ауыл бар. Бұл ауылда атақты тұлғаның нағашы жұртынан өрбіген ұрпақ тұрып жатыр.Солардың бірі Қанат Алпысбеков.

ҚАНАТ АЛПЫСБЕКОВ, «ҚАЖЫМҰҚАН» АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Қажымұқан бабамызды еске алу шараларын жылда  өткізіп отырамыз. Мәселен, балуанның 145 жылдығын үлкен көлемде атап өттік.Ресейдегі жасы тоқсаннан асқан қызы балаларымен келді. Өз еліміздегі ұрпақтары түгел жиылды.Ал биыл осы маусым айында ауылымызда Қажымұқан Мұңайтпасұлының атындағы үлкен мешіттің ашылуы болады бұйырса. Сол кезде тағы да ұрпақтарының басы қосылады деп отырмыз.

 

Фото: e-history.kz