COVID-19: Қазақстанның үш мегаполисінде модульді ауруханалар құрылысы басталды

COVID-19: Қазақстанның үш мегаполисінде модульді ауруханалар құрылысы басталды

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында шұғыл түрде модульдік инфекциялық жаңа ауруханалардың  құрылысы басталды. Компания мердігерлерінің айтуынша, елордада бетон жұмыстары аяқталып, модульдік құрылымдар жұмысы жүргізілуде.

«Жұмыс тәулік бойы жалғасуда. 6 сәуірдегі жағдай бойынша инженерлік жұмыстардың 90 пайызы аяқталған. Қазіргі таңда модульдерді орнату басталды», - деп атап өтті мердігер.

Айта кету керек, елордадағы аурухана неміс технологиясы бойынша жасалған модульдік блоктардан салынады. Бұл технология аурухана құрылысын қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді. Құрылыс кезінде халықаралық қауіпсіздік стандарттары сақталады.

Алматыға блоктар Атыраудан әкелінді. Бұл блокты 10 жылдан астам уақыт қолдануға болады.

«Мұндай ауруханалар бізге инфекцияны жұқтырған науқастарды уақытылы анықтап, оқшаулауға және дұрыс ем қабылдауға мүмкіндік береді. Осылайша, біз аурудың таралу қаупін азайтып, қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыра аламыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Ал Шымкенттегі аурухана көршілес Өзбекстан елінің тәжірибесіне сүйене отырып салынады. Яғни, жеке желдеткіші бар контейнерлерден құрылатын болады.

Ауруханалар дәрігерлерге қысқа мерзімде тапсырылуы қажет екенін атап өткен жөн.

 

Фото: tengrinews