Қазақстандық оқушылар жаңа оқу тәртібіне бейімделуде

Қазақстандық оқушылар жаңа оқу тәртібіне бейімделуде

Кешеден бері қазақстандық оқушылар қашықтан оқу жүйесіне көшіп, білім алудың жаңа онлайн тәртібінің қыр-сырын меңгере бастады. Төтенше жағдайға байланысты сала мамандары, ұстаздар мен ата-аналар бұған ерте қамдана бастағаны белгілі. Алайда алғашқы күннен-ақ электронды күнделік сыр беріп, техникалық ақаулар болды.

«Егер біз жалпы бір күнде ғана болған сессияларды санайтын болсақ, тек «Күнделік» электронды түғырнамасында олардың саны 32 миллионнан асып кетті. Бұл біз үшін бұрын соңды болмаған рекорд. Сондықтан жүктемеге шыдамай, сәл сыр бергені рас. Алайда біздің техниктер дер кезінде араласып, ақауды аз уақыттың ішінде қалпына келтірді. Сіздер нәтижесіне куә болдыңыздар. Ол түзетілмесе 32 мың сессияның болғанын есептеп шығара алмас едік. Істен шықты, онына келтірілді. Бұл бағытта арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр», деді БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, қашықтықтан оқыту жүйесі әлі толықтырылып, жетілдірілетін болады. Мәселен жақын арада телеарналардағы оқу бағдарламаларының сабақтарына құлағы мүкіс еститін шәкірттердің ақпаратты дұрыс қабылдауы қамында  сурдоаударма қызметі қосылады.

«Телеарналық сабақ беруге қатысты сурдоаударма қажет деген ұсыныс түсті. Біз қазіргі таңда осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Сондықтан жақын арада сабақтармен бірге сурдоаударма қатар жүреді. Бұл шынымен өте маңызды іс», деді министр.

Сондай-ақ министр енді  3,5 мыңнан астам қазақстандық оқушы үй жұмысын пошта арқылы алатынын жеткізді.

Оның айтуынша, бұл оқушылардың қашықтықтан оқу үшін техникалық мүмкіндігі жоқ. Алайда ата-аналар үй тапсырмалары пошта арқылы жеткенше балалары білім бағдарламасы бойынша  өзге оқушылардан қалыс қалады деп алаңдаулы. Сала мамандары басқа амалдары болмағандықтан бұндай шараға мәжбүрлі түрде барғандарын айтады. Сондай-ақ министр мұғалімдерден есеп талап етпеуді бұйырды.

«Есептерге қатысты бірнеше күн бұрын бірқатар жағдайлар тіркелді. Біз олардың шешімін таптық. Атап айтсақ, баланың үйде шын мәнінде оқып жатқанын растайтын скрин, фотолар талап етілген. Тіпті баланығ сабақ оқып жатқанын айғақтайтын бейне материалдар жіберу керек делінген. Біз оны болдырмаймыз. Үй тапсырмалары көп деген шағымдар түсіп жатыр. Тапсырманы бір сағаттың ішінде орындау керек дегенде талаптар бар дейді. Біз әріптестерімізбен кеңесіп бұндай талаптар қажет емес деген шешімге келдік», деді министр.

 

Фото: m.azh.kz​