Бұқаралық ақпарат құралдары қашықтан жұмысқа көшті

Бұқаралық ақпарат құралдары қашықтан жұмысқа көшті

Қазір төрткүл дүние коронавирус індетіне қатысты жаңалықтарға көз тігіп отыр. Қалам, қағаз, камерамен «қаруланған» журналистер қауымы күн-түн демей ақпарат майданында қызмет етуде.  Дегенмен   індетпен күресте үйде қалу арқылы үлес қосу үнделіп жатқан тұста телеарналар да тыс қалмады.  Көптеген арналар  қашықтан хабар тарату тәртібіне көшті. Бұған заманауи технологиялардың қауқары толық жетеді. Мәселен, «Хабар»  арнасының «Жеті күн» сараптамалық бағдарламасы үй жағдайындағы алғашқы хабарын сәтті өткерді.

ДАРХАН ӘБДУАХИТ, «ХАБАР» АРНАСЫ АҚПАРАТТЫҚ-САРАПТАМАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

 - «Қазмедианың» алып студиясын алмастырып, бағдарламаның ұзақтығын қысқартқанымызбен, бұдан «Жеті күннің» сапасы төмендеген жоқ. Әдеттегідей апта ішіндегі маңызды оқиғаларды талдап, сараптап көрерменге жан-жақты ақпарат ұсынуды мақсат тұттық. Үйде отырып дайындалған алғашқы  бағдарламаның интернеттегі қаралымы да жақсы болды. Қазіргі жағдайда адамдар арасындағы қарым-қатынасты мейлінше азайту маңызды. Індет кезінде елге жүктелер міндет – үйде болу, сақтық жасап, сабыр қылу. Біздің ұжым да мұны жақсы түсінеді. Ақпарат таратудың бірнеше тәсілі дамыған заманда телевизиялық жобаны эфирге уақытында шығару қиынға соққан жоқ. Қазір кезекті бағдарламаны әзірлеуге кірісіп кеттік.»

Қашықтан хабар таратуға бүгінгі күн талабы да дөп келіп тұр. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарын бір жерге жинап, бетпе-бет сұрақтар қойылып, жауаптар берілетін жиындар сап тиылды. Мемлекеттік органдар,уәкілетті мекемелер мен орталық коммуникациялар қызметі қашықтан жұмыс істеп жатыр. Сондықтан тілшілер қауымы да сауалын сандық технологиямен жолдап, жауабын эфирден тыңдауға мәжбүр. Дегенмен мұның да тілшілер қауымына берері жоқ емес дейді журналистер.

МЕДЕТЖАН ІЗҒҰТТЫ, ЕУРАЗИЯ ТЕЛЕАРНАСЫ ЖАҢАЛЫҚТАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ШЕФ-РЕДАКТОРЫ:

 - «Қашықтан жұмыс істеу тілшілерімізге жақсы тәжірибе болды деп есептеймін. Мобильді болуға дағдыланып келеді. Кейбірі материалды өздері монтаждауды игеріп алды.  Негізі әріптестерімізге «Live форматта жұмыс істеуге бейімделіңдер» деп айтып жүргенімізге біраз болды. Себебі жаттанды, қатып қалған жүйемен қазір ешкімді таңғалдыра алмайсың»

Айта кетейік, телеарналар жұмысын қашықтан жүргізу  үрдісі сырт елдерде де байқалады.Мәселен, жуықта  Russia Today телеарнасы толықтай онлайн режимге ауысты. «Россия 24» логотипін «Сидим дома 24» деп өзгертіп, жүргізушілері мен тілшілері үйде отырып, тікелей эфирге шыққан болатын. «Сидим дома» халықаралық акциясы Ресейдің өзге 17 федералды арнасының қолдауын тапқан.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: tengrinews.kz