Қазақстандық оқушылар алғаш рет қашықтан сабақ өтті

Қазақстандық оқушылар алғаш рет қашықтан сабақ өтті

Бүгін Қазақстанда алғаш рет қашықтан оқу жүзеге асты. Сабақтар әлі де жүріп жатыр сол себепті бірінші күннің қорытындысы әлі шыққан жоқ. Дегенмен ұстаздар қауымы сабақтардың сәтті өткенін айтуда. «Күнделік» платформасын қарау көрсеткіші бірден артып кеткендіктен, ашылмай қалған тұстары да болды. Соған қарамастан ата-аналар видео сабақтарға көңілі толатындықтарын айтуда.

ӘСЕЛ АХТАНОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Мен өзім де мұғаліммін, қазір декреттік демалыста отырмын.  Балаларым қазақ тіліндегі сабақтарды тыңдады.  Бәрі түсінікті, анық айтылады. Тек балалар қағазға түсіріп үлгермей жатты. Егер осы сабақтарды әлеуметтік желіге жүктесе жақсы болар еді. Жалпы маған ұнады дей аламын.

Елордалық бірінші сынып оқушысы Дамир Рысқұлбек те онлайн сабақтардан алған әсерімен бөлісті.

ДАМИР РЫСҚҰЛБЕК, 1 ЛИЦЕЙ ОҚУШЫСЫ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ:

 - Маған қашықта оқу жүйесі ұнады. Мен барлығына үлгеріп жатырмын. Өзге де сабақтарды оқуыма уақытым жеткілікті. Дегенмен мен өз достарымды көре алмай, сағынып отырмын. Сондай-ақ мен жүзуден жаттығуға бара алмай жүрмін. Сондықтан карантиннің аяқталуын асыға күтудемін.

Білім және ғылым минстрлігі төртінші тоқсанды қашықтан оқыту жүйесіне мұқият дайындалған болатын. Балалардың көктемгі демалысы кезінде мұғалімдермен, мектеп оқушыларымен онлайн оқыту жүйесіне көшу бойынша көптеген жұмыстар атқарылғанын атап өткен жөн.

ШОЛПАН ҚАДЫРОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

-  Біз қашықтан оқыту жүйесіне көшу үшін нақты шаралар қолдандық. Біз оқушылар мен ұстаздардың қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуына талдама жасадық. Барлығы компьютерлермен қамтамасыз етілген, онлайн оқыту әдістерін біледі.

Сабақтар бірнеше платформада өткізіледі. Zoom бағдарламасында стриминг режимінде онлайн сабақтар жүргізілуде. Ал Kundelik мұғалімдер мен балалар, ата-аналар арасында кері байланыс орнатуға көмектеседі. Сабақтар «Балапан» және «Ел Арна» телеарналарынан көрсетіледі, сондай-ақ «Қазақ радиосы» әуе толқынында да таратылады.

 

Фото: pandaland.kz