Мемлекет басшысы коронавирусты анықтайтын тест жасаған ғалымдарды құттықтады

Мемлекет басшысы коронавирусты анықтайтын тест жасаған ғалымдарды құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Масғұт Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық биотехнология орталығының ұжымына құттықтау хат жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы хатында ғалымдарды COVID-19 коронавирусын анықтауға арналған диагностикалық тест жүйесін әзірлеуімен құттықтады.

Президент аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары халықаралық стандарттарға сай тест жүйесін қысқа мерзімде жасап шыққанын атап өтті.

«Сіздердің жетістіктеріңіз отандық биомедицина саласының бәсекеге қабілеттілігі жоғары екенін көрсетеді. Әлемге тараған коронавирус індетіне қарсы күрес жүріп жатқан кезде бұл жаңалықтың ұсынылуы өте маңызды болып отыр. Әзірленген тест жүйесі мыңдаған азаматымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектеседі деп сенемін», - деп жазылған Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ғылыми орталықтың ел игілігі жолындағы жұмыстарына табыс тілеп, алғыс білдірді.

 

Фото: belta.by