Ақтөбе,Тараз және Қарағанды қалалары карантинге жабылады

Ақтөбе,Тараз және Қарағанды қалалары карантинге жабылады

Елімізде үш бірдей облыс орталығы карантинге жабылатын болды. Бүгін түнгі 00-00-ден Қарағанды облысының барлық аумағына карантин енгізіледі. Яғни, облыстың барлық периметрі бойынша азаматтардың, сонымен қатар автокөліктердің кіріп-шығуына тыйым салынады. Енді өңір тұрғындарына үйлерінен 1,5 шақырым қашықтықта еш себепсіз жүріп-тұруға қатаң тыйым салынды. Бұған қоса, айтылған мерзімнен бастап Қарағанды облысында барлық авто және теміржол вокзалдары, әуежайлар жұмыс істемейді.

Ал Ақтөбе 6 сәуірден бастап  карантинге жабылады. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева тікелей эфир арқылы кешкі сағат 21:00-ден бастап қалада карантин енгізілетін мәлімдеді.

«Қалада барлық мекемелер жұмысы тоқтайды. Тізім әлеуметтік желіде, әкімдік сайтында жарияланады. Қоғамдық демалыс орындары, саябақтар, балалар алаңына баруға болмайды. Екіншіден, көліктің барлық түрі қаладан шықпайды, кірмейді. Қаулы кейбір азаматтардың жүріп- тұруына рұқсат береді. Тізімі арнайы жарияланады. Үшіншіден, қоғамдық көлік қозғалысына лш кесте енгізіледі. Мәселен, таңертең 7:00-9:00, түсте 12:00-14:00, кешке 17:00-21:00 аралығына бекітілді», деп хабарлады Нұрсұлу Беркімбаева.

Таразда карантин режимі 7 сәуірден  басталады. Осылай деп Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтында жазылған. Аймақ жетекшісінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс орталығының аумағында сағат 00.00-ден бастап карантин режимі енгізіледі. Рұқсат етілгендерден басқа барлық автокөлік құралдарының және азаматтардың қала аумағына кіруіне және шығуына тыйым салынады. Қоғамдық көлік сағат 7-00-ден 20-00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

Автор: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kaskelen.kz