Әлем онлайн режимде: ірі компаниялар қызметкерлерінің қашықтықтан жұмысын қалай ұйымдастырды?

Әлем онлайн режимде: ірі компаниялар қызметкерлерінің қашықтықтан жұмысын қалай ұйымдастырды?

Әлемде белең алған коронавирус пандемиясы бизнестің дамуына кері әсерін тигізуде. Төтенше жағдайдың салдарынан әуе компаниялары, мейрамханалар, қонақүйлер мен ойын-сауық орталықтары жаппай жабылды. Жеке іс иелері тақырға отырып, өз кәсібін құрдымға жіберіп алмас үшін жаңа талаптарға көсіле білуі тиіс. Ол үшін жұмыс тәртібін Netflix немесе Amazon сынды онлайн режимге көшіру қажет, дейді мамандар. Төтенше жағдай кезінде осы текті компаниялардың акциялары еселене түскенін бәрі біледі. Себебі үйде отырған адамдардың ғаламтордағы қызметтердің көмегіне жүгіну көрсеткіші артқан.

Алайда, бизнестің барлығы бірдей қашықтықтан жұмыс жасай алмайтыны белгілі. Мәселен, туризм, жолаушылар тасымалы, кинотеатрлар мен ойын-сауық орталықтары не істейді? Франция үкіметі онлайн қызметке бейімсіз компанияларға қолдау көрсететінін хабарлады. Ол үшін 180 миллион евро қарастырылған. Қаржылай демеуге 3,5 мыңнан астам компания өтінім берген.

Төтенше жағдай кезінде қашықтықтан жұмыс жасау режимі көпшілік үшін үйреншікті тәртіпке айналып келеді. Технологиялар дамыған заманда кеңсе жұмысының біршамасын үйге алуға мүмкіндік бар. Бұл карантин жағдайында жұмыс орындарын сақтап қалудың қамы. Ал енді біреулері осы арқылы дамудың жаңа мүмкіндіктерінің пайда болғанын алға тартып отыр. Мәселен, Қытайда қызметкерлерді іріктейтін арнайы интернет-тұғырнама жасалған. Енді аспан асты елінің ірі компаниялары осы орталықтандырылған теле-радио-корпорация арқылы қызметкерлерді жұмысқа қабылдай алады. Өйткені елде ушыққан қатерлі індеттің кесірінен көптеген жұмыс берушілер мен мамандардың арасында байланыс үзіліп қалған. Алдағы үш күн бойы осы маман тапшылығын шешуге арналған тұғырнама арқылы Шанхай мен оның маңындағы провинциялардың түлектері, жұмыссыз азаматтары үшін онлайн режимінде бос орындар жәрменкесі ұйымдастырылады. UnionPay төлеу жүйесі, Шанхай автоөндірістік корпарациясы, Джили көлік концерны сынды елдегі бизнестің алпауыт компаниялары үміткерлермен онлайн сұхбат жүргізетін болады. Игі шара өзге өңірлердеде өтеді. 3700 кәсіпорын 340 мың жұмыс орнын ұсынып отыр. Бүгінде тұғырнамаға екі қолға бір күрек іздеп жүрген азаматтардан милионнаннан астам электронды өтініш келіп түсті.

Әлемнің өзге де елдеріндегі аса ірі компаниялардың кеңселері қаңырап қалды. Көптеген қызметтік келісімер мен сату операциялары онлайн режимге ауыстырылды.

Өнер саласының әлемдік деңгейдегі майталмандары да жұмыссыз қалмады. Пандемия талаптарына көсіліп, концерттерін онлайн форматта беруге көшті. Метрополитен-операның сайтында өткен қойылымдардың жазбалары тегін көрсетіліп жатыр. Берлин филармониясының цифрлық залы өнерсүйер қауымға қолджетімді болды. 31 наурыздан мұрағаттық жазбаларды тегін тамашалауға мүмкіндік жасалған.

Қазақстанда ірі екі мегаполистің мемлекеттік орган қызметкерлерінің 70% қашықтықтан жұмыс жасау тәртібіне көшті. Журналистер, бухгалтерлер, экономистер, заңгерлер мен спортшлардың көбі үйден жұмыс жасайды. 

Әлемнің студенттері мен оқушылары да электронды оқу жүйесіне ауысты. Мәселен, Қытай елінде ғана 170 миллион адам қашықтықтан білім алуда.

Әзірге карантиннің қашанға дейін созылатыны белгісіз. Алайда осы кезде қолданысқа еңген онлайн шаралардың біршамасы төтенше жағдай аяқталған соң да қоғамның игілігі үшін жұмыс жасайтыны анық. Тиімділігі болса, әрине.

Авторы Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: stroireserv.ru