Еліміздің танымал тұлғалары қандай кітап оқуға кеңес береді?

Еліміздің танымал тұлғалары қандай кітап оқуға кеңес береді?

2 сәуірде әлем халқы балалар кітабының халықаралық күнін атап өтеді. Бұл дата 1967 жылы бекітілген. Балалар әдебиетінің шығармалары өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, әлемді тануға жол ашады. Жеткіншектер сүйікті ертегілердің кейіпкерлерімен бірге саяхат құрады. Сондықтан бұл атаулы күннің басты мақсаты - кішкентай оқырмандарға кітап оқудың мән-маңызын түсіндіру.

Еліміздің танымал тұлғалары қандай кітап оқуға кеңес беріп, кешкісін балаларына қандай ертегілер оқитынын тілшіміз зерттеді.

ЕРЛАН ИГИСИНОВ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

- Маған ең алғашқы ерекше әсер қалдырған шығарма - «Одиссея Капитана Блада». Авторы - Рафаэл Сабатини. Дәл осы туынды менің кітап оқуға деген қызығушылығымды оятты. Сондай-ақ, мен Александр Дюманың Граф Монте-Кристо» кітабын тек балаларға емес, ересек адамдарға да оқуға кеңес берер едім. Ол намыс қандай болу керектігіне үйретеді.

АРМАН СЕЙІТМАМЫТ, «EL ARNA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

- Қазір адамдардың барлығы үйде отыр. Ата-аналар балаларының қасында. Осы кезді пайдаланып өзін-өзі оқытып, білімін толықтырып алуға болады. Меніңше, балалар қазақ ертегілерін оқыса, көпті ұғынады. Мен кезінде өзім оларды сүйіп оқитынмын. «Әлем халықтарының ертегілері» қызықты болатын. Артур Конан Дойл мен Гримдердің туындылары аса қызықты.

МАЙЯ БЕКБАЕВА, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ, «KAZAKH TV» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Өзімнің балалық шағымды еске алсам, бастауыш сыныптарда өзімнің шамалас жастағы кейіпкерлері бар «Дикая собака Динго», «Том Сойердің оқиғалары» сынды кітаптарды  жақсы көретінмін. Сондай-ақ Шыңғыс Айтматов пен Олжас Сүлейменовтың кітаптарын жиі оқимын.

АЛЬФИЯ КАРИМОВА, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСІ: 

- Біздің ата-аналарымыз оқып өскен кітаптар меніңше, ең жақсы кітаптар. Ұлыма кішкентайынан әлем халықтарының ертегілерін, Михалков, Маршак, Бартоның өлеңдерін оқимын. Ал Пушкиннің «Руслан и Людмила» ертегісін балам үш жасында жатқа айтатын! Бұл адалдыққа, жақсылыққа үйрететін ертегілер.

БАҚТИЯР АДАМЖАН, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСІ:

- Үлкен ұлым 4 жасқа келеді, кішісі бір жаста. Қазақ батырлары туралы ертегілерді көп оқимыз. Үлкен ұлым динозаврлар жайлы оқығанды ұнатады. Ежелгі жануарлар туралы бәрін біледі. «Бауырсақ» ертегісін жатқа айтады.

НҰРГҮЛ ӘМІРЖАНОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯСЫ БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген жазушылардың кітаптары Байбота Қошымноғайдың кітаптары қызықты, Толымбек Әбдірайымның жақсы кітаптры бар. Кітапты оқып отырып, сол әлемге кіргендей боласың. Тілеуғазы Бейсенбектің, Баянғали Әлімжанның кітаптары мазмұнды жазылған. Осы жазушылар балалар тақырыбына ауқымды шығармалар жазып жүрген жазушыларымыз деп айта аламын. Сонымен қатар жас ақын-жазушылардың кітаптарын оқуға кеңес беремін. Қазіргі кезде жақсы шығып жатыр. Атап айтар болсам, Олжас Қасым, Әдинә Жүсіп, Серікбол Хасан, Есболат Айдабосынның «Сүлік қарасын» алсақ та, өте жақсы шығармалар.

 

Фото: ru.freepik.com​