Коронавирусқа қарсы әлемдік челендждер

Коронавирусқа қарсы әлемдік челендждер

2020 жылы есік қақпай келген коронавирус жер-жаһанға лезде тарап, ащы тырнағын батырды. Әлемде белең алып, халықты дүрбелеңге салды. Әлемнің көптеген қалалары карантинге жабылды. Адамдар өз пәтерлерінде қамалып, қоғамнан оқшаулануға мәжбүр болды. Қатерлі індет үшін шектеу жоқ, ол ел талғамайды, адам таңдамайды. Бәріне бірдей қауіпті. Бәрінің айтары бір. Баршаға ортақ қатерден сақ болу үшін #үйдеотыр. 

Төрт қабырғаға қамалғандар шығармашылыққа беріліп, әлеуметтік желілерде ерекше қабілеттерін таныта бастады. Әлемдік челендждер түрлі елдер мен халықтарды тоғыстырды. Мәселен, Серхио Рамос, Маттейс де Лигт пен Бенжамен Менди сынды әлемдік футбол жұлдыздары #Stayathomechallenge челенджі арқылы үйде іштері пысып отырған жанкүйерлерін былғары допты емес дәретхана қағазын қақпақылдауға шақырды. 

Акцияны кеңге танымал тенисшілер де іліп әкетті. Ресейлік спортшы Карен Хачанов та  дәретхана қағазымен өз әуестігіне тән үйреншікті жаттығуларын жасап көрді. Кейін эстафетаны кордтағы әріптестеріне жолдады.

Ал көршілес Ресей елінде үйде отырып қашықтықтан жұмыс жасайтындар да бір-бірімен челендж арқылы байланыс орнатты. Олар #менбізжұмысістейміз хештегімен әлеуметтік желіде атқарған шаруаларымен бөлісті.

Сондай-ақ бұл күндері #өзгеруүшінқажет30күн атты челендж ғаламторда кеңге таралды. 

Ал Италия болса музыкалық челенджбен әлемге танылды. Елдің кәсіби және әуесқой музыканттары мен өнерге жақын азаматтары алдын ала белгіленген уақытта жаппай балконға шығып, ән шырқап, музыкалық аспаптарда сазды шығармалар орындады. #flashmobsonoro хештегімен 100-ден астам өнер иесінің жарияланымы шықты.

Челендждердің бәрі бірдей көңіл көтеру үшін жасалып жатқан жоқ. Көптеген флешмобтар төтенше жағдайдың алдын алып, қатерлі індетті ауыздықтауда аянбай еңбек етіп жатқан мамандарды қолдау мақсатында жасалуда. Мәселен, инфекция белең алған Италияда мыңдаған адамның өмірін арашалап қалған медицина қызметкерлеріне құрмет көрсету үшін адамдар балконға шығып қол соғады. Бұндай акциялар Испания мен Грузияда да өтті.

Игі шара қазақстандықтар тарапынан да қолдау тапты. Алматылықтар да дәрігерлер мен тәртіп сақшылары сынды коронавируспен күні-түні күресіп жүрген мамандарға алғыс білдіру үшін  кешкі сағат 20:00-де балконға шығып, бір минут қол соқты.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

 

Фото: championat.com